ОПЕК елдері мен Ресей төтенше шараларға дайындалып жатыр

ОПЕК - мұнай өндіруші елдер ұйымы өндіріс көлемін тәулігіне жарты миллион баррельге дейін қысқартуды қарастырып жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі ОПЕК елдеріндегі үш дереккөзге сүйеніп хабарлады.

Ұйым биыл наурызға жоспарлаған кезекті кездесуін шұғыл түрде 14-15 ақпан күндері өткізуді жоспарлап отыр.

Жыл басынан бері мұнай бағасы 10 долларға арзандап, қазір бір баррель мұнайдың бағасы 56 долларға жеткен. Бұл ОПЕК мүшелеріне өз елдеріндегі теңестірілген бюджетті сақтау үшін қажетті деңгейден төмен.

Сарапшылар Қытайда короновирустың пайда болуы 2020 жылдың алғашқы тоқсанында мұнайға сұраныстың тәулігіне төрттен бір миллион баррельге дейін азаюына себеп болады деп болжап отыр.

IRNA агенттігінің дүйсенбіде хабарлауынша, қауіпті вирустың таралуы ОПЕК мүшесі – Иранда сұраныстың азайып, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін күш жұмсауды қажет еткен.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, бағаны түсірмей ұстап тұру үшін Сауд Арабиясы мұнай өндіруді тәулігіне бір миллион баррельге дейін қысқарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал Reuters агенттігі бұл болжамды тексеруге мүмкіндік жоғын хабарлады.

2019 жылы Венада өткен кездесуде мұнай өндірісін тәулігіне 17 мың баррельге дейін қысқартуға міндеттеме алған Қазақстан 2020 жылдың алғашқы тоқсанына дейін мұнай өндірісін тәулігіне жарты миллион баррельге дейін қысқартуды ұсынған.

Жыл басында Қазақстан энергетика министрлігі 2019 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың наурызына дейін мұнай өндірісінің көлемі тәулігіне 1,85 миллион баррельді құрайды деген болжам айтқан.