11 ақпанда Нұр-Сұлтанда сот шешіміне наразы әр өңірден келген бір топ адам Жоғарғы сотқа барды. Олар кеше 10 ақпан түн ортасы ауғанша «Нұр Отан» партиясының бас ғимаратында «аштық жариялаймыз» деп отырған еді. Наразылар «аштық жариялауды тоқтатқандарын» айтты.
Наразылар биліктен сот шешімдерін қайта қарайтын ведомствоаралық комиссия құруды талап етеді.
10 ақпаннан түнде Азаттық тілшісіне қоңырау шалған сот шешіміне наразылар «Нұр Отанда» түн ортасы ауа адамдар отырған конференция залының жарығын сөндіріп, әжетхананы бекітіп тастады деп шағымданған еді.
Өздерінің айтуынша, партия өкілдері 11 ақпан таңертең «Нұр Отан» ғимаратына қайта жиналған қырық шақты адамды екі автобуспен Жоғарғы сотқа жеткізген. Бірақ олардың бәрі бірдей ішке кіре алмады. Кіре алмаған наразылар Жоғарғы сот ғимаратының алдында «бөліп жармауды талап етіп», наразылық білдірді.
Жамбыл облысынан келген 69 жастағы Зәуреш Байтоқованың сөзінше, екі баласы бір айыппен түрмеде отыр. Бір баласы алты жылға, екіншісін 22 жылға сотталған. Байтоқова сот үкіміне наразы. Ол «шындыққа қол жеткізе алмай, былтыр қарашада өзін өртемек болғанын» айтты.
Алматыдан келген зейнеткер Әсия Тасжанова «қолында құжаты бола тұра жекеменшік жеріндегі үйін құқық қорғау органы қызметкерлерінің сүріп тастағанын, дәлелдемек болған әрекетінен ештеңе шықпағанын» айтады.
Сейсенбі кешке қарай Жоғарғы соттың азаматтық және қылмыстық іс бойынша қабылдауында болғандар ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмағандарын айтты. Жоғарғы сот өкілдері Азаттық тілшісіне комментарий беруден бас тартты. Тек баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақаосв "Әзірге қабылдау жүріп жатыр, зерттей келе көреміз" деді.
Сот шешімімен келіспейтіндер 12 ақпанда Бас прокуратураға баратындарын айтты.
Сот шешіміне наразылар 2019 жылдан бері шағымданып келеді. Олар былтырғы мамыр, маусым айларында «Нұр Отан» ғимаратына жиналып, мәселесін қарайтын комиссия құруды талап еткен. Наразылар сол кездегі президентке кандидаттыққа түсіп жатқан Қасым -Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етіп, ол жолы да бірсыпыра адам партияның ғимаратында қонып қалған еді. Олармен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кездесіп, арнайы комиссия құрылады деп уәде еткенмен, президент сайлауынан соң тыныш қалған.