Қордайдағы жанжалға байланысты құрылған облыстық штаб дерегінше, жанжалдан 185 адам зардап шеккен, олардың 34-і ауруханаға жатқызылған. 39 тұрғын үй, 20 сауда орны, 47 көлік өртенген. Бұл ақпаратты 15 ақпанда облыстық штаб дерегіне сүйенген Tengrinews агенттігі хабарлады. Сенбі күні мұнда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық штабтың жиынын өткізген.
"7-13 ақпан аралығында Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбедегі бақылау өткізу пунктінен Қырғызстан жаққа қарай 23 131 адам өтіп, 21 261 адам келген" деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.
Тазарту жұмыстары кезінде 680 тонна құрылыс қалдығы шығарылған. Қазір 55 дүкен, 3 дәріхана, 14 жанар-жағармай станциясы мен 30 коммерциялық нысан істеп тұр.
Сортөбе ауылдық округінде жоғалған құжаттарды қалпына келтіру бойынша мобильді орталық құрылған. 54 туу туралы куәлік, 48 төлқұжат, 15 жылжымайтын мүлік құжаты, 1193 балаға анықтама, 8 неке туралы куәлік, 1 паспорт берілген. Зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, қажетті тауарлар берілгені де айтылады.
Бұған дейін үкіметтік комиссия өкілдері 11 ақпанда Масанчи ауылында өртенген сауда орталығының қалдықтарын тазарту кезінде үйінді астынан адамның күйген денесі табылғанын хабарлаған. Осылайша 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында болған этникалық жанжалдан қаза болғандар саны 11-ге жеткен. Жанжалдан соң мыңдаған адам Қырғызстанға қашты. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.
Кейбір сарапшылар Қордайдағы жанжал елдегі әлеуметтік жағдайдың, ауыл халқының тұрмысының төмендігін, Қазақстан билігінде мұндай қиын жағдайларды тез шешетін механизм қалыптаспағанын көрсетті деп санайды.
Қақтығыстың нақты себебі де ашық айтылмады. Ал жергілікті тұрғындардың сөзінше, бірнеше адам жолға таласып, көрші ауылдарда тұратын қазақтар мен дүнгендер жаға жыртысып қалған. Бұл төбелестен соң қазақтар жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.
Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бірақ қанша адам ұсталғанын ашып айтпай отыр. Тек жанжал кезінде 19 полицейдің зардап шеккенін хабарлады.
Жанжалдан кейін Жамбыл облысының әкімі мен прокуроры ауысты.
Оқи отырыңыз: "Ұлтаралық келісімнің" қауқарсыз моделі. Қордайдағы жанжал нені аңғартты?