Үш күн бұрын Қытайдан эвакуацияланған 171 адам үш күндік карантиннен кейін 16 ақпанда үйлеріне қайтарылды деп хабарлады Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасына сілтеме жасаған Tengrinews агенттігі. Дәрігерлер олардан қауіпті вирус белгілері табылмағанын айтты.
"Келгендердің басым бөлігі студенттер. Олардан бөлек, үш ерлі-зайыпты, 9 және 6 жастағы екі бала бар. Барлығы үш күн дәрігерлердің бақылауында болды. Үш сағат термометрияда болып, жұтқыншақтан жағынды алынды, қаны тексерілді. Үлгілер ұлттық сараптама орталығына жіберілді" деп хабарлады Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің айтуынша, студенттердің жеке заттары мен жүктері арнайы сұйықтықпен өңделген. Олар енді 14 күн өздері тұратын аумақтағы дәрігерлердің бақылауында болмақ.
13 ақпанда Алматыға қонған ұшақта 171 қазақстандықтан бөлек 40 қырғыз студенті де болған. Олар сол күні Бішкекке жіберілген.
11 ақпанда Қытайдан эвакуацияланған 217 азамат та бұған дейін үш күндік карантиннен кейін үйлеріне жіберілген болатын.
Соңғы дерек бойынша, Орталық Азия елдерінде коронавирус жұқтырғандар жоқ. Қазақстан ақпанның басынан бастап, Қытайға баратын транспорттың барлық түрін шектеп, қытайлықтарға виза беруді тоқтатқан. Ақпанның басында Қазақстан Уханьда оқып жатқан 80 студентін кері қайтарған. Кейін Қытайда жүрген Қазақстанның 8 азаматы Ресей мен Өзбекстанның ұшақтарымен осы елге келген.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір Қытайдан келген 20 қазақстандық температура және тұмаумен ауруханада жатыр.