Жапония жағалауында карантинде тұрған Diamond Princess кемесінде коронавирусты жұқтырғандар саны 355-ге жетті деп хабарлады Жапония билігі 16 ақпанда. Соңғы тәулікте мұнда 70 адамнан вирус табылған. Бұған дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі кемеде төрт қазақстандық бар екенін хабарлаған.
20 қаңтарда Йокогамадан теңізге саяхатқа шығып, ақпанның басында коронавирусқа байланысты портқа оралған кеме бірден карантинге жабылған еді. Лайнерде вирус жұқтырған Қытай азаматы болған және вирус сол адамнан тараған деген дерек бар.
3700 адам мінген кемедегі карантин 19 ақпанда аяқталуы тиіс. Алайда лайнер ішінде Covid-19 жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп барады.
Соңғы дерек бойынша, әлем бойынша коронавирусты жұқтырғандар саны 70 мыңға жуықтаған. Олардың басым бөлігі вирус ошағы саналатын Қытайдың Хубэй провинциясында тұрады. Қытай билігінің хабарлауынша, соңғы бір тәулік ішінде елде екі мыңнан астам адамнан вирус табылған. Бір күннің ішінде 142 адам көз жұмған. Осылайша Қытайда вирустан көз жұмғандар саны 1665 адамға жетті. Францияда демалыс күндері 80 жастағы қытайлық турист вирустан қайтыс болды.
Дәрігерлер вирустың таралу қарқыны сәл бәсеңдегенін айтады. Қытайдың ресми дерегіне күмән келтіргенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Пекиннің вируспен күрес шараларын жақсы бағалап отыр. 16 ақпанда Хубэй провинциясында "аурудың таралу мәселесіне қажетті дәрежеде көңіл бөлмегені үшін" он қызметкер жұмыстан қуылған.