Өзбекстанның Сурхандария облысы Алтынсай ауданы Халқабад махалласының тұрғындары мен милиция арасындағы қақтығыста үш адам жараланған, оның екеуі милиционер. Қақтығыс "кей тұрғындардың үйі сүріледі" деген хабардан соң басталған.
Көргендердің айтуынша, оқиға 14 ақпанда Халқабад махалласына аудандық хокимат, прокуратура және ішкі істер органдарының өкілдері келген соң басталған.
"Кейбір тұрғындардың үйі ауыл шаруашылығына арналған жерге заңсыз салынғандықтан бұзылады" деген хабардан соң ашуланған махалла тұрғындары жергілікті фермер жеріне жиналған.
Сурхандария облыстық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, милиция тұрғындарды тыныштандыруға барған. "Кей адамдар таяқ, балта, күрек ұстап, милиция қызметкерлеріне қол көтерді", — дейді баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желіде тараған суреттерден милицияның қарусыз тұрғындарды ұрып-соғып, жерге жатқызғаны, бір адамның бетін қан жуып кеткені көрінеді.