18 ақпанда Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді қаладағы сауда үйлерінің бірінің алдында "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысын таныстырған парақшалар таратты. Белсенділер "Көше партиясын" тіркелмеген қозғалыс деп атап, оны тіркемейтіндерін жеткізді.
"Көше партиясының" белсендісі Анна Шүкеева "бұл - Қазақстан Конституциясы мен саяси құқықтар туралы халықаралық пакт шеңберінде ашық әрі жария әрекет ететін тәуелсіз бейбіт қозғалыс екенін" айтады.
- Бұл жерде саясат бар. Себебі біз биліктің бейбіт түрде өзгеруін, парламенттік республиканың болғанын қалаймыз. Президент деген қызметтің болмауына қол жеткізгіміз келеді. Президент пен оның төңірегіндегілерге деген сенім жоғалды. Біз халықтың өзі шешіп, өзі басқарғанын қалаймыз, - дейді ол.
Белсенділердің сөзінше, қозғалысты ешкім қаржыландырмайды. Бірақ "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысының өкілі Анна Шүкеева және басқа да мүшелері Қазақстанда экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық қозғалысының" осыған дейінгі қарсылық акцияларында, түрлі шараларына қатысқан және сотпен "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен жазаланған. ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Мұхтар Әблязов құрған. Ол Қазақстан сотының ҚДТ-ны экстремистік деп таныған шешімінің "саяси астары бар" деп санайды. Ал 2009 жылы Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Әблязовтың өзі де әлеуметтік желіде бірнеше рет "Көше партиясының" жазбаларын бөліскен не өз постарында атап өткен.
"Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысының бағдарламасында 30 миллион теңгеге дейін ипотека мен несиелерді жабу, дәрігер, мұғалімдердің жалақысын 400 мың теңгеге дейін көтеру, мүгедектер мен жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыны көбейтіп, тегін медицина мен білім беру тәрізді маңызды әлеуметтік мәселелер қамтыған. Бұған қоса "Көше партиясының" мүшелері "құқық қорғаушылар саяси тұтқын" деп таныған Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов, Макс Боқаев, Ержан Елшібаев, Санат Бүкенов, Әсет Әбішев, Жамбыл Көбейсіновке бостандық беруді талап еткен.
Белсенділерге полиция кедергі жасамады. "Өздерін қоғамдық тәртіпті бақылап тұрмыз" деген екі полицей белсенділердің барлық әрекетін видеоға түсіріп алды. Ал Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық әкімдігінің өкілі Аида Меңдібаева жиналғандардан "мұндай шаруа өткізуге рұқсат алдыңыздар ма?" деп сұрап, кетіп қалды.