22 ақпанда таңертең Алматыда полиция тіркелмеген "Демократиялық партияның" оннан астам белсендісін ұстады. Олар Төле би мен Төлебаев көшелерінің қиылысында жиналып, "Астана" алаңына қарай шеру жасап бармақ болған. Полиция оларды ұстай бастаған кезде "Бостандық!", "Аштық!" деп айқайлап, өткен түні әкімшілік сот "митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамаған "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамайды босатуды талап етті. Полиция белсенділерді көлікке күштеп отырғызып алып кетті.
Жарты сағат бұрын Жанболат Мамайдың әйелі, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай "Демпартияның" төрт белсендісін полицияның әкеткенін хабарлаған. Олардың арасында Сайлау Лепесов, Ырысбек Тоқтасын да бар.
Әзірге ұсталған белсенділермен хабарласу мүмкін болмады. Медеу аудандық ішкі істер басқармасының кезекшісі Жұмабеков Азаттық тілшісінің сұрақтарына "жауап бере алмайтынын" айтты.
Алматы қалалық полиция департаменті телефон қоңырауына жауап бермеді.
Бұған дейін билік қысымына шағымданған "Демократиялық партия" бастамашыл тобының өкілдері 22 ақпанда құрылтай съезінің орнына биліктен елде саяси реформа жүргізуді мен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, митингіге шығатынын хабарлаған.
22 ақпанға қараған түні бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамайды әкімшілік сот "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамады.
Оқи отырыңыз: "Демпартия" бастамашыл тобының жетекшісі Мамай үш тәулікке қамалды