Алматының "Астана" алаңы маңындағы Мәншүк пен Әлия ескерткіші жанында "Демократиялық партия" құруды көздейтін бастамашыл топ өкілдері митинг өткізіп, топ жетекшісі Жанболат Мамайды босатуды талап етті. Шамамен жарты сағаттан соң полиция олардың бір бөлігін ұстай бастады. Соңғы дерек бойынша, полиция ондаған адамды ұстаған. Олардың арасында саясаткер Төлеген Жүкеев, Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай да бар. Бірақ кейінірек Иманбайды босатқаны белгілі болды. Ұсталғандарды нақты қай басқармаға алып кеткені белгісіз.
Мұның алдында топ ескерткіш алдында өз пікірлерін айтып, билікті сынаған еді.
- Билік партияны тіркетпеу үшін бар амалды жасап отыр, мұның барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жасалып жатыр. Тоқаевта билік жоқ, халықты көшеге шығармау арқылы билік режимнің өмірін созғысы келеді, - деді бастамашыл топ құрамына кірген саясаткер Төлеген Жүкеев.
Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратып жатыр.
Төлеген Жүкеев "билік қысымына қарамастан қажетті қол жинап партияны тіркететінін" айтты. Митингі кезінде бірнеше адам сөйледі. Олардың барлығы топ жетекшісі Мамайдың ұсталуын айыптап, "саяси реформа жасауға уәде берген" Тоқаевтың уәдесінен тайғанын айтты.
"Тоқаевтың уәдесі қайда? Әлеуметтік, саяси реформа жасаймыз дегені қайда" деді наразы азаматтардың бірі. Олар "отыз жыл таптағанға шыдадық, енді тағы отыз жыл шыдап отыра алмаймыз" деп халықтың "авторитар биліктен" шаршағанын айтты.
Өзін Алматы қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев деп таныстырған адам "шараның заңсыз екенін" айтып, халықты тарауға шақырды.
"Конституциядағы 32-бапты қоясыз? Сіздер Ата заңға бағынасыз ба әлде Назарбаев бұйрығына бағынасыздар ма?" деп азаматтар тараудан бас тартты.
Сенбі таңертең полиция топтың оннан астам мүшесін алаңға жетпей ұстаған еді.
Былтыр қазанда Жанболат Мамай бастаған белсенділер елде саяси реформа жүргізуді мақсат тұтатын "Демократиялық партия" құратындарын жариялаған. 2019 жылы 26 желтоқсанда Әділет министрлігі бастамашыл топты тіркеген. Кейін Мамай 22 ақпанда Алматыда "Демпартияның" құрылтайын өткізетінін хабарлаған.
Осы аптада билік қысымына шағымданған "Демократиялық партия" бастамашыл тобының өкілдері 22 ақпанда құрылтай съезінің орнына биліктен елде саяси реформа жүргізуді мен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, митингіге шығатынын хабарлаған.
22 ақпанға қараған түні бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамайды әкімшілік сот "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамады. Сот адвокатының қатысуынсыз өткен.
Оқи отырыңыз: "Демпартия" бастамашыл тобының жетекшісі Мамай үш тәулікке қамалды
22 ақпанда "Демпартия" митингісінен бөлек, түстен кейін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын жақтайтындардың митингісі болады деп хабарланған.