22 ақпанда түстен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының митингісіне келгендерді ұстады.
Алматыда түскі сағат 14.00 шамасында "Астана" алаңы маңында Азаттық тілшісі полицияның 15 адамды ұстағанын көрді. Олар "митинг орны" ретінде белгіленген "ескі алаңға" жетіп үлгерген де жоқ.
"Міне, бізге ештеңе айтқызбайды. Өз елімізде тіпті еркін жүре алмаймыз" деп Азаттыққа пікірін айтқан әйелді де полиция ұстап әкетті.
Наразылардың кейбірі "Оян, Қазақстан!", "Шал кет!" деп айқайлады. Полицейлер олардың кейбірін сүйреп апарып, газельге отырғызды. Ұстаулар кезінде бір әйел құлап қалды. Ізінше полицейлер оны жібере салды.
Дәл осы уақытта Нұр-Сұлтанда Республика даңғылы бойында да ұстаулар болды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, наразылар отырғызылған екі автобус жүріп кеткен. Қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Ақпарат бойынша, әйелдердің бірі әлсіреп қалғандықтан оған жедел жәрдем көлігі шақыртылған.
Екі қалада да "митинг өтеді" деген аумақта интернет бір істеп, бір істемей тұр.
Бұған дейін бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы 22 ақпан күні жақтастарын митингіге шақырған. Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы 2018 жылы елде "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Сенбі күні таңертең Алматыда полиция Әлия мен Мәншүк ескерткіші жанында митинг өткізіп, саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап еткен "Демократиялық партия" белсенділерін де полиция ұстаған еді.
Оқи отырыңыз: Шеруге шықпақ болғандарды полиция ұстап, алаңда күзет күшейді
22 ақпанда Алматы мен Нұр-Сұлтаннан бөлек, Шымкент, Ақтөбеде де белсенділер ұсталды. Шымкентте олардың кейбіріне түстен кейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылып, сотқа жеткізілген. Кейбір белсенділер полицияның үйлерін торуылдағандықтан сыртқа шыға алмай отырғанын хабарлады.