Құқық қорғаушылар: 300-ден астам адам ұсталды, Алматыда кемінде 2 адам жарақаттанды

Алматыда "митинг орнында" полиция адамдарды ұстап жатыр. 22 ақпан 2020 жыл.

Құқық қорғаушылар 22 ақпан Қазақстанның түрлі қалаларында болған митингілер кезінде 300-ден астам адамның ұсталғанын айтады. Олардың басым бөлігі босатылған, кейбірі әкімшілік жазаға тартылған. Құқық қорғаушылар бұған қоса, Алматыдағы дөрекі ұстаулар кезінде екі адамның жарақаттанғанын хабарлады. Ішкі істер министрлігі әзірге қанша адамның ұсталғанын айтпады.

Азаттық тілшісі құқық қорғаушылардың көмегімен Алматыда "митингіден кейін" бірнеше белсендінің әкімшілік жазаға тартылғанын анықтай алды. Олардың бірі 22 ақпан күнгі митингі үшін "жазаланса", кейбірі өтіп кеткен митингілер үшін қамалған. Бұлар:

  • Гүлзипа Жәукерова - "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 50 АЕК айыппұл (132 550 теңге немесе шамамен 352 доллар) салынды;
  • Еркін Сабаншиев - "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" (5 ақпан күні жалғыз адамдық пикет өткізген) 15 тәулікке қамалды;
  • Асхат Шыныбеков - "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" (11 ақпан күні жалғыз адамдық пикет өткізген) 15 тәулікке қамалды;
  • Төлеген Жүкеев - "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" (22 ақпан күні митингіге қатысқаны үшін) 20 АЕК (шамамен 50 мың теңге) салынды;
  • Құрманғазы Қасымбеков - 9 тәулікке қамалды (нақты қай күнгі митингі үшін қамалғаны белгісіз);
  • Шәрбат Қаржаубаева - "11 қаңтар күнгі "Сергек" камераларына қарсы акцияға қатысқаны үшін" жеті тәулікке қамалды;
  • Анар Ибраимова - "11 қаңтар күнгі "Сергек" камераларына қарсы акцияға қатысқаны үшін" 20 АЕК айыппұл салынды;

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 23 ақпан түстен кейін Нұр-Сұлтан мен аймақтарда әкімшілік жазаға тартылған азаматтар туралы дерек жазды.

Алматыда кейбір белсенділердің құқығын сотта қорғап, кейбір отырысқа сарапшы ретінде қатысқан құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованың айтуынша, 22 ақпанда кешке Асхат Шыныбековтің сотында полиция қызметкері хаттамасындағы айғақ ретінде көрсетілген фото мен видео сәйкес келмеген. "Адвокат оның айғақ ретінде жарамайтындығын дәлелдегенмен судья адвокаттың сөзіне құлақ асқан жоқ" дейді.

- Мен бұл сотқа бейбіт жиын өткізу құқығын қорғау жобасының сарапшысы, заңгер ретінде қатыстым. Қазақстан заңында бір адамдық жалғыз адамдық пикетке шыққан адамды қудалауға болады деп көрсетілмеген. Бұған қоса, Қазақстан қол қойған халықаралық құжаттар бар және олар Қазақстан заңынан жоғары тұрады. Қазақстан халықаралық ұйымдарға мүше болғандықтан халықаралық заң ережелеріне бағынуы керек. Бірақ сот ешбір келтірген дәйектерімізді ескермеді, - дейді Маржан Аспандиярова 23 ақпанда Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Асхат Шыныбековті полиция сенбі күні үйінен үй киімімен - қысқа шалбар (шорты), резеңке шәркей киген күйі ұстап әкеткен. Оның тіпті күртешесін киюге де мүмкіндігі болмаған. Сотта ол өзінің азаматтық ұстанымы үшін полиция тарапынан арандату әрекеті де болуы мүмкін екенін ескертіп, мәлімдеме жасаған.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты және қалалық полиция департаментіне хабарласқанмен Азаттық тілшісі әзірге жауап ала алмады.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның есебінше, 22 ақпан күні Қазақстан бойынша өзінің 300-ден астам адам ұсталған. Басым бөлігі босатылған. Qaharman құқық қорғау тобы да ұсталғандардың басым бөлігінің босатылғанын айтады. Құқық қорғау тобының есебінше, 22 ақпанда түстен кейін Қазақстанның 16 қаласы мен елді мекендерінде "ҚДТ митингісіне байланысты" 174 адам ұсталған, 30-дан астам адам қуғынға ұшыраған (яғни, үйлерін полиция торуылдап, сыртқа шығармаған, аңдыған - ред.).

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, 22 ақпанда түске дейін Алматыда "ескі алаңда" арнайы жасақ өкілдерінің дөрекі күш қолданып, ұстауы кезінде екі адам жарақаттанған (қабырғасы сынған деген дерек айтылады). Дәрігерлер де олардың жарақат алғанын растаған. Құқық қорғаушы бұған байланысты дүйсенбі арыз түсіретінін айтты.

ІІМ ұсталғандарға байланысты мәлімдеме таратпады. 22-23 ақпан күндері министрліктің баспасөз қызметі телефонын көтерген жоқ.

22 ақпанда Қазақстанның бірқатар қаласында митингілер өтті. Алматыда түске дейін және түстен кейін полиция "митинг орны" деп белгіленген жерде жүзден астам адамды ұстады. Сенбі күні түскі 11.00 шамасында Әлия мен Мәншүк ескерткіші жанында митинг өткізіп, саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап еткен "Демократиялық партия" белсенділері ұсталды. ​Азаттық тілшілері ондаған адамның ұсталғанын көрді.

Видео: "Оян, қазақ!" Арнайы жасақ алаңға келгендерді автозакқа салды (22 ақпан 2020 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

"Оян, қазақ!" Арнайы жасақ алаңға келгендерді автозакқа салды

Түстен кейін полиция тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының "митингі орны" деп белгілеген жерде және сол маңда жүзден астам адамды ұстап, бөлімшеге жеткізді.

Бұған дейін бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы 22 ақпан күні жақтастарын митингіге шақырған. Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы 2018 жылы елде "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

22 ақпанда Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларында полиция наразыларды ұстады.