Жапонияда карантинде болған круиздегі 4 қазақстандық елге оралды

Жапония жағалауында карантинге жабылған лайнер. 19 ақпан 2020 жыл.

Коронавирусқа байланысты Жапония жағалауында карантинде тұрған Diamond Princess кемесіндегі Қазақстанның төрт азаматы оралды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі бүгін хабарлады.

-Ақпанның 23-іне түнгі 2:30-да Нұр-Сұлтан қаласына Токио қаласынан Қазақстанның 20 азаматы келді. Төртеуі – "Diamond Princess" жапон лайнерінің жолаушылары. Барлығы медициналық тексерістен өткізіледі,- дейді денсаулық сақтау министрлігі.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі карантиндегі Diamond Princess кемесінде болған Қазақстанның төрт азаматы: екі әйел екі немересімен 21 ақпанда жағаға шыққанын, оларға вирус жұқпағанын хабарлаған болатын.

Жапония жағалауында тұрған Diamond Princess лайнерінде 5 ақпанда бір адамнан коронавирус табылып, круиз карантинге жабылған. Кеме ішінде 50 елден 3700 адам болған. Лайнерде 542 адам вирус жұқтырған. 19 ақпанда круиздегі карантин аяқталған еді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2020 жылдың 6 қаңтары мен 23 ақпанына дейінгі аралықта Қытайдан және Қытаймен шекаралас мемлекеттерден Қазақстанға 30 066 адам кірген, барлығы тексерілген. Бүгінге дейін 165 адам көпшіліктен оқшауланып, емге жатқызылған, оның 158 шығарылып, 7 адам стационарларда медициналық бақылауда қалған.