29 ақпан таңертеңнен бастап Алматы, Ақтөбе, Орал және өзге қалаларда полицияның белсенділерді ұстап, қамай бастағаны хабарланды. Сенбі күні алматылық белсенді Нұргелді Жұмабеков полицияның таңертеңгі сағат 7:30-да үйіне келіп, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына ұстап әкеткенін хабарлады. Полицияда оның қан қысымы көтеріліп, кардиология орталығына жеткізілген.
Бұған қоса, Алматыда Дәулет Әбілқасымов есімді азаматты полиция үйінен алып кетпек болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода полиция қызметкерлерінің белсендіні үйінен күштеп ұстап әкетуге тырысып жатқаны байқалады. "Шақырту қағазы қайда?" деген сұраққа полиция қызметкерлері "көлікте" деп жауап береді, бірақ көрсетпейді. Сенбі күні полиция белсенді Дархан Валиевті жалғыз адамдық пикет өткізіп жатқан жерінен ұстап алып кеткен.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 29 ақпанда түстен кейін Facebook-тағы парақшасында "Орал, Ақтөбе, Алматы, астанада кезекті паранойя басталды...ұстаулар мен соттар жүріп жатыр" деп жазды.
Оралдық белсенді Бауыржан Әліпқалиев Facebook-та 29 ақпанда Оралда Мақсат Айсауытов, Данияр Інжіғалиевтің жеті тәулікке қамалғанын хабарлады. Ақтөбеде белсенділердің үйін полицияның торуылдап жүргені айтылады.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі әзірге түсініктеме бермеді.
Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жәпішева Twitter-де Алматы қаласы әкімдігінің маңына темір қоршаулар қойылғанын жазды. Шеруге шақырғандар жергілікті әкімдік алдын "митинг орны" ретінде белгілеген.
Бұған дейін елдегі түрлі оппозициялық ұйымдар 1 наурыз күні митингіге шығуға шақырған. Бас прокуратура митингілерді "заңсыз" деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға үндеді.