Путин Ресей Конституциясына Құдай және отбасы туралы түсініктерді қосуды ұсынды

Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин Конституцияға енгізілген өзгерістер жобасын мемлекеттік думаға ұсынды. Бұл түзетулер "Ресей конституциясына түзетулер енгізу жөнінде" бұған дейін ұсынылған заң жобасын толықтырады. Бұл ақпаратты мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин мен депутат Петр Толстойға сілтеп, ТАСС хабарлады.

Путин ұсынған өзгерістерде "халықтың Ұлы Отан соғысындағы" ерлігін кемітпеу туралы, "Ресей федерациясының СССР мұрагері екендігі" жайлы пункттер бар.

Путин ұсынған заң жобасында конституцияға енгізілетін өзгерістер бүкіл халықтық дауыс берумен құпталуы қажеттігі айтылады.

15 қаңтарда Владимир Путин Федералды жиынға үндеу жасап, Ресей конституциясына өзгеріс енгізу жайлы жоспарын жариялаған.

Президент Путин Ресей конституциясы халықаралық заңдардан жоғары тұратынын және мемлекеттік кеңестің мәртебесі мен рөлін негізгі заңда бекіту қажеттігін айтқан. Оппозиция Путин 2024 жылы президенттік өкілеті аяқталған соң мемлекеттік кеңесті басқарып, билікті қалғысы келеді деп қауіптенеді. Путин оны теріске шығарады.

Конституцияға енгізілетін Құдай туралы, халықтың тарихи жады, отбасы - еркек пен әйелдің одағы және тағы да басқа идеологиялық постулаттар Путин шешімімен құрылған жұмыс тобының талқылауында пайда болған. Жұмыс тобына президент белгілеген қоғам қайраткерлерінен 75 адам кірген. Заң жобасы 10 наурызда екінші рет талқыланады, 11 наурызда үшінші оқылымда түпкілікті қабылдануы мүмкін.

Ресей билігі конституцияға енгізілетін өзгерістерге дауыс беру күні ретінде 22 сәуірді белгілеп, ол күнді еңбек ақысы төленетін демалысқа айналдыруды жоспарлап отыр.