3 наурызда Нұр-Сұлтанда "Демос" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тұрарбек Құсайыновтың "Зұлмат. Шығыс Түркістанның күйреуі" атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапта Қытайдың Шыңжаңдағы саяси тәрбелеу лагерінде болған адамдардың тағдыры баяндалады. Автордың сөзінше, кітапты жазуға Қытайдағы саяси тәрбиелеу лагерлерінен шыққандардың айтқаны мен Қытай қазақтарының мәселесін көтірген белсенді Серікжан Біләштің мұрағатындағы видеолары себеп болғанын айтады.
- Кітапта тек қана фактілер баяндалады. Қытайдағы аз ұлттардың тағдыры мен адам құқықтарының бұзылуы әлі зерттелуі тиіс, - дейді Тұрарбек Құсайынов.
Тұсаукесерге Қытайдан келген этникалық қазақтар, тарихшылар мен саясаттанушылар қатысты. Кітап "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталованың қолдауымен жарыққа шыққан.
БҰҰ есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман лагерьге қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған.
Лагерьлерде отырып шыққан қазақтар да Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректермен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды. Ал Қытайға экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі Пекинің бұл саясаты жайлы ашық айта бермейді.
Былтыр қазанда Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "қазір Қытайдағы саяси тәрбиелеу орталықтарында қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Ал желтоқсан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында "Шыңжаңдағы қазақтарды қудалау туралы ақпарат шындыққа жанаспайды" деген. Тоқаевтың осы сөзінен кейін "туысымыз Қытайда қамалды" деген қазақстандықтар президенттің сөзін жоққа шығарып, түрлі акция өткізген.
Былтырғы жылдың соңында Қытай "қайта тәрбиелеу орталығындағылардың бәрі оқуын аяқтап" шыққанын айтқан. Жақында Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) есебінде Қытай билігі лагерьден шыққан мұсылмандарды елдің басқа аймақтарындағы фабрикаларға жұмысқа жіберіп жатқанын мәлімдеген. Қытай мемлекеттік басылымдарында мұны жоққа шығарған.