Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесімен айналысатын тіркелмеген "Нағыз Атажұрт еріктілері" жұмысын тоқтататынын хабарлады. Ұйым белсенділері 4 наурызда Алматыда жиын өткізіп, қаржы қиындығына байланысты бұдан әрі жұмысын жалғастыра алмайтынын мәлімдеді.
2017 жылдан бері ұйымның белсенді мүшесі болған Серікжан Біләш "ұйымды таратуға қаржы мәселесі түрткі болды, ешқандай саяси қысым болған жоқ" дейді. Алайда ұйымды тіркеу үшін құжат тапсырған кезде кедергі жасалғанын айтты.
- Үкімет бізді тіркемей отыр. Тіркесе халықаралық адам құқығы ұйымынан, гранттардан қаржы алатын едік.
Қазақстандағы компаниялар да көмек бергісі келді. Бірақ бізде ресми құжат пен есепшотымыз жоқ, - деді Серікжан Біләш.
Ұйым мүшелері мен жиынға келген кей азамат жұмысты тоқтатпау керек деген пікір айтты. Жұрттан көмек сұрап, ай сайын қаржылай демеу жасау туралы идея да айтылды.
Қытайда туысы қамауда отырған Фарида Қабылбек "Нағыз Атажұрт еріктілері" тараса, біз сияқты жандар шағымын кімге қалай жеткізеді" деді.
Серікжан Біләш ұйым құрылғаннан бері шамамен 4 мың адамның арызын қабылдап, әлемдік ақпарат құралдары мен құқық қорғау ұйымдарына бердік дейді. Сөзінше, соңғы деректерді Еуропарламентке өткізген және ұйым жұмысын жалғастырғысы келетіндер болса қарсылық жоқ. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы кеңсе мен қызметкерлердің ай сайынғы шығыны 2,5 миллион теңге екені де айтылды.
- Егер халықтан қаржы жеткілікті жиналса ғана жұмыс жалғасуы мүмкін. Бірақ біз елге есеп беріп, жабылатынымызды жариялап отырмыз. Қазір Қытайда жүз мыңдаған адамның үйрету лагерьлерінде отырғаны анық. Бұл шындық, - дейді Біләш.
"Нағыз Атажұрт" ұйымы 2019 жылдың тамыз айына дейін "Атажұрт еріктілері" ұйымы ретінде Қытай қазақтарының мәселесін қоғамға жариялаумен шұғылданып келген. Ұйым жетекшісі Серікжан Біләштің үстінен 2019 жылдың наурыз айында "ұлт араздығын қоздыру" бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған.
Нұр-Сұлтан қаласында бес айдан астам үйқамақта болып, тамыздың 16-сына Алматы қаласы Әуезов аудандық сотында қаралған істен кейін Серікжан Біләш босап шықты. Осы кезде "Атажұрт еріктілері" ұйымы заңды тіркеуден өтіп, жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы болған. Мұнан соң Серікжан Біләш бастаған бір топ белсенділер ұйымнан бөлініп, "Нағыз Атажұрт" ұйымын құратынын жариялаған.
17 ақпанда Серікжан Біләш полицияның ұйым кеңсесін тінтігенін хабарлаған. Ал полиция кеңсені жәй ғана тексергенін айтқан.
Видео: "Атажұрт еріктілері" белсенділері неге бөлінді? (4 қазан 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5