Қазақстанда коронавирусқа байланысты мыңға жуық адам карантинде: 601 адам - үйде, қалғаны - стационарда жатыр. Бұл туралы 5 наурызда Нұр-Сұлтандағы брифингте денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.
"Бәрін қосқанда 992 адам карантинде жатыр, оңаша емделіп жатқандар да бар, үйде карантинде отырғандар да бар. Бізде карантинге жіберетін орындар жеткілікті" деді Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, бұған қоса 7 515 адам тұрғылықты жері бойынша дәрігерлер бақылауында.
"Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус табылған елдерден келген шамамен 8 мың адамды бақылап отыр. Бұл Қазақстан және шетел азаматтары. Ауру белгілері анықталған жағдайда ауруханаға жатқызылады. Қазір 60 адам ауруханаға түскен, 18-і ауруханадан шығарылды. Олар тексеру, диагностикадан өтіп жатыр" деді министр.
Біртановтың айтуынша, Қазақстанда вирусты анықтайтын қажетті жабдықтар бар. Ресми дерек бойынша, Қазақстан аумағында коронавирус табылмаған.
Бейсенбі күні 8 наурыздан бастап вирус жылдам тарап жатқан Қытай, Иран, Оңтүстік Корея азаматтарының Қазақстанға кіруіне тыйым салынатыны белгілі болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің айтуынша, үшінші ел арқылы келетін Қытай, Оңтүстік Корея, Иран азаматтарына да елге кіруіне тыйым салынады.
Қазақстан коронавирусқа байланысты теңіз кемелерінің қозғалысын да шектейді.
"Ведомствоаралық комиссия 5 наурызда Ақтау және Құрық порттарында жеңіл көліктерді тасымалдаумен айналысатын Иран және Әзербайжан жүргізушілері бар паромдардың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шараның жүк тасымалдауға қатысы жоқ" деді Берік Камалиев.
Оның сөзінше сонымен бірге Каспий теңізінде жүк тасымалдаумен айналысатын кемелердің теңізге шығуына шектеу енгізілмек.
Видео: Қазақстанда медициналық маска тапшы (4 наурыз 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Соңғы дерек бойынша, әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 92 мыңнан асты. Үш мыңнан астам адам көз жұмған. Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі Қытайда.