Алматы белсенділері Қытайдан азық, жүк тасымалдауға тыйым салуды талап етті

Коронавирусқа байланысты билікке жолдайтын хатқа қол қойып жатқан белсенділер. Алматы, 6 наурыз 2020 жыл.

6 наурызда бірнеше белсенді Алматы қаласы әкімдігіне барып, хат тапсырды. Олар биліктен Қазақстан-Қытай шекарасын жабуды, Қытаймен шекарада жүк көліктерін өткізбеуге, Қытайдан немесе Қытай арқылы азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс тасымалдауға тыйым салуды талап етті. Хат президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бағытталған.

- Хатта Алматы қаласы әкіміне қатысты да талаптар бар. Әкім президенттің өкілі болғандықтан соның қолына табыс етеміз. Сағынтаевтан жауап күтеміз. 13 наурызда осында тағы келеміз, - деді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы Азаттық тілшісіне.

Хатта дәріханалардағы медициналық маска тапшылығы мәселесін шешу, коронавирусқа байланысты БАҚ арқылы толық ақпарат беру, сақтану шараларын түсіндіру, бюджеттен жұмсалған қаржы, атқарылған шаралар туралы анық әрі ашық есеп беру туралы талаптар да бар.

Белсенділерді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмар қабылдады. Бірақ оған ақпарат құралдарын қатыстыртпады.

Бұған дейін Қазақстан вирус тараған Қытайға қатынайтын әуе рейстері мен жолаушылар автобусы мен пойызын тоқтатқан. 1 наурызда Иранға ұшатын рейстер тоқтап, Оңтүстік Кореямен арадағы рейстер саны қысқарды.

8 наурыздан бастап вирустың таралуы бойынша бірінші категориялы елдер қатарына кірген Қытай, Иран, Оңтүстік Корея азаматтарының елге кіруіне тыйым салмақ. Каспий теңізі аумағында Иран және Әзербайжанмен кеме қатынасына шектеу қойды.

6 наурызда таңертең "Қазақстан темір жол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев коронавирусқа қарамастан Қазақстан Қытаймен жүк тасымалын тоқтатпайды, бірақ соған қарамастан ақпан айында транзит көлемі 39 пайызға азайған деп мәлімдеген еді.

"Бұл қомақты көрсеткіш. ҚТЖ-ның қаржылық ахуалына әсер ететіні сөзсіз, себебі контейнерлік транзит біз үшін пайдалы бап" деді ол.

Ол компанияның "жүк айналымын ұлғайту үшін" әдеуір күш салатынын айтты. Әзірге коронавирустан Қазақстанның қанша шығынға ұшырағаны белгісіз.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 5 наурызда Қазақстанда шамамен мыңға жуық адам карантинде жатыр деп мәлімдеген. Коронавирус табылған елден келген 8 мыңнан астам адам дәрігерлер бақылауында.

Қазақстанда ресми түрде вирусты жұқтыру оқиғасы тіркелген жоқ.

Видео: Covid-19 вирусы қалай жұғады?

Your browser doesn’t support HTML5

Covid-19 вирусы қалай жұғады?