10 наурыз күні Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты журналист Амангелді Батырбековтің үстінен екінші рет арызданған "Заңғар Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаеваның жеке шағымын қарауды бастады.
Журналист Амангелді Батырбеков "Ләйла Дарханбаева алаяқ па әлде өтірікші ме?" деп жазба жазған соң Дарханбаева "жала жапты", "қорлады" деп арызданған. Кейін бұл шағым бойынша сот басталғанда Батырбеков желіге тағы да осы іс туралы пост жазған. Дарханбаева "Батырбеков осы жазбада да мені қорлады, жала жапты" деп арызданып отыр.
- Тағылған айыптармен келіспеймін. Екі поста да Дарханбаеваны алаяқ деп жазған емеспін, - дейді журналист.
Дарханбаеваның Батырбековтің үстінен түсірген екі шағымын да судья Берік Каипов қарап жатыр.
5 ақпан күні сот Дарханбаеваның бірінші шағымы бойынша журналистің жазбасы мен мақаласын сараптамаға жіберген.
Бұл – кейінгі бір жылда Батырбековтің үстінен "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша қозғалған үшінші іс. Мұның алдында Түркістан облыстық соты Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бахтияр Абдиев "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп Амангелді Батырбековті сотқа берген. Сол кезде Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға түрмеге қамаған. Ал Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған. 5 ақпанда Батырбеков Абдиевті сотқа бергені белгілі болды.