11 наурызда құқық қорғаушылар мен белсенділердің сынына ұшыраған "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасы мәжіліс талқылауына түсті. Заң жобасын мәжіліс депутаттарына заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров таныстырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айындағы сайлаудан кейін бейбіт жиын туралы заң қабылдауға уәде беріп, митинг өткізу үшін ескертуді ғана талап ететін құжат қабылдауға уәде берген. Ақпан айында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиын туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатпен танысып шыққан құқық қорғаушылар мен белсенділер қазіргі заң сияқты ондағы ережелердің халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтты.
Құжатқа сәйкес, Тоқаев уәде еткен “ескерту сипатындағы” митингілер қатысушылар саны 250-ден аспайтын кішігірім жиындарға ғана қатысты. Ал ірі митингілер үшін биліктен рұқсат алу керек. Құжатта сонымен бірге митингіні арнайы белгіленген орындарда ғана өткізу керек деген талап бар және бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғандар бұрынғыдан қатаңырақ жазаланады.
Оқи отырыңыз: Митинг өткізу құқығы. Жаңа заң жобасындағы ескі шектеулер
Ақпан айының ортасында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қоғам талқысынан кейін заң жобасына өзгерістер енгізіледі деп мәлімдеген. Бірақ мәжіліске түскен жобада құқық қорғаушылардың пікірі қаншалықты ескерілгені белгісіз. Ақпан айының соңында құқық қорғаушылар мен белсенділер ақпарат министрлігі дайындаған жаңа заң жобасын "масқара және оны мәжіліске жібермеу керек" деген талап қойған.