Жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаевтың "түрмеде соққыға жығылғаны" туралы ақпаратқа алаңдаған бір топ адам 12 наурызда Түркістан облысы Леңгір қаласы маңындағы ИЧ-167/9 колониясына барып, белсендіні көрсетуді талап етті. Түрме әкімшілігі тек белсендінің әйелі Динара Иманғалиева мен белсенді Нұржан Әбілдаевтың ішке кіруіне рұқсат етті.
Шамамен екі сағаттан кейін кездесуден шыққан Динара Иманғалиева мен Нұржан Әбілдаев Елшібаевты көргенін, оның денесінен үш соққы ізін байқағанын айтты.
- Олар Елшібаевты әкелмеуге қанша тырысқанмен ақырында әкелуге келісті. Қап-қара киім киген, мойындары жабық күйде әкелді. Киімін шешкіздік. Шешкен кезде арқасынан үш соққы ізін көрдік. Оң жақ, сол жақ арқасынан сосын белінен ұрған. Бұған қоса санында бір соққының ізі бар. Нақты көргенім сол. Қызметкерлерге қарап "мынау не" деп едім, жауап бере алмады. Елшібаевтың өзі мына колония қызметкерлерінің бұған қатысы жоқ, ішкі әскер жасағын [кіргізген кезде] солардың бірімен жағаласып қалғанын айтты. Қорқақтап, айтқан сөзі осы болды, - деді Нұржан Әбілдаев.
Әбілдаев пен Иманғалиеваның айтуынша, түрме әкімшілігі белсендіні ұзақ уақыт көрсетпеуге тырысқан. Ақыры болмаған соң телефондарын алып қалып бір-ақ көрсеткен. Олар Елшібаевты қорқытып, оған қысым жасағанына сенімді.
Бір топ адам 12 наурызда таңертең Түркістан облыстық прокуратурасына барған кезде прокуратура қызметкерлері "Елшібаевтың соққыға жығылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды" деп белсенділерді сендіруге тырысқан.
Прокуратура өкілдерінің сөзін түрме бастығы Абзал Құрманбеков те қуаттаған. Оның айтуынша, сотталған Ержан Елшібаев 2020 жылдың ақпан айынан бастап түрме ішіндегі цехта жұмыс істеп жатыр. Осыған дейін отбасымен ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат берілген. Осы уақытқа дейін түрме әкімшілігі тарапынан қандай да бір қысым көрсетілмеген.
Оның сөзінше, Ержан Елшібаев өзіне қандай да бір қысым көрсетілмегенін айтып, түсініктеме де жазған.
Ал белсенділер "Елшібаевтың соққыға жығылуына байланысты" тәуелсіз комиссия құрылып, мәселені анықтауы қажет дейді. Дегенмен олар әзірге нақты қадамдары туралы айтпады.
Ержан Елшібаевтың соққыға жығылғаны туралы ақпарат 12 наурызға қараған түні тараған. Әйелі Динара Иманғалиеваның айтуынша, түрме ішінен белгісіз адамдар хабарласып, күйеуінің соққыға жығылғанын хабарлаған. Кейінірек күйеуі түрме таксофоны мен түрме бастығының телефонынан хабарласып, "жағдайым жақсы, айқай-шу көтермей-ақ қойыңдар" деп айтқан. Туыстары оған түрме әкімшілігі қысым көрсеткен болуы мүмкін деп болжайды.
Былтыр қараша айында Жаңаөзен қалалық соты 31 жастағы Ержан Елшібаевты «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған еді. Кейін оқиғаға қатысы бар адамдар талаптары жоқ екенін айтса да, 25 қарашада апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Белсенділер мен Елшібаевтың әйелі Динара Хайруллина бұл істің саяси астары бар деп санайды. Былтыр тамызда құқық қорғаушылар Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.
Желтоқсан айында Елшібаевтың Ақтаудан Шымкенттегі түрмеге ауыстырылғаны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзен белсендісі Елшібаевтың туыстары оны қайда этаппен жөнелткенін біле алмай отыр
Ержан Елшібаев 2019 жылдың ақпан-наурыз айларында Жаңаөзенде өткен жұмыссыздық мәселесіне қатысты наразылық шарасында көзге түскен. Наразылық кезінде жаңаөзендіктер биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен болатын.