Абаев мәжіліске "Бейбіт митинг туралы" даулы заң жобасын апарды

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәжілісте "Бейбіт митинг туралы" жаңа заң жобасын таныстырып тұр. Нұр-Сұлтан, 12 наурыз 2020 жыл.

12 наурызда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәжіліске бейбіт митинг туралы заң жобасын әкелді.

Абаевтың депутаттарға жасаған мәлімдемесіне сай, бейбіт шеру туралы заң тоғыз аймақта талқыланып, айтылған ұсыныстардың барлығы ескерілген. Оның айтуынша, жоба талқылаудан кейін көп өзгеріп, адам санына қатысты тармақ алынған, "рұқсат алу" тәртібі "хабарламаға" өзгертіліп, журналистерге қатысты тараудан бірнеше бап қысқартылған.

Оқи отырыңыз: Митинг өткізу құқығы. Жаңа заң жобасындағы ескі шектеулер

Мәжіліске түскен жобада "бейбіт митинг Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге шақырса; әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік, топтық, рулық алауыздық қоздырса; қоғам қауіпсіздігін бұзып, басқа адамдардың өмірі қауіп төндірсе; көлік, инфрақұрылым жұмысына кедергі келтірсе; құжаттары заңға сәйкес келмесе, терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты шетел азаматтары мен ұйымдар есебінен қаржыландырылса; ұйымдастырушы заң талаптарына сәйкес келмейтін адам болса бас тартылады" деп атап көрсетілген.

- Біздің мақсатымыз – митинг мәдениетін қалыптастыру. Халық митингіге шыққысы келмейді, бірақ халық егер шыққысы келсе, сол құқығын беруіміз керек, - деді Дәурен Абаев.

Талқылау кезінде бірнеше депутат полиция мен арнайы жасаққа қатысты ұсыныс айтты. Депутат Берік Дүйсенбиновтің сөзінше, заңға арнайы жасақтың этикасы туралы енгізу керек.

- 25 адам көшеге шықса, 250 полиция қоса шығады. Халық митингіге шыққандардан гөрі арнайы жасақтан қорқады. Соғыс болып жатқан сияқты. Сол арнайы жасақтың этикасы туралы енгізуге болмай ма? Бастықтың, министрдің баласы көшеде полиция болып адам ұстап жүрген жоқ. Олардың бәрі өзіміздің балаларымыз. Біз оларды жау қылып болдық, - деді депутат Дүйсенбинов

Ал полицейлер мен прокурорларды қолдаған депутат Василий Олейник митинг кезінде орган өкілдерінің абыройына нұқсан келіп жатыр деп санайды.

- Біз бейбіт митингінің қоғамдық тәртіпті бұзуға ұласып жатқанын көріп жүрміз. Facebook желісінен көріп, кейде ренжимін, байғұс қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген полицейлер. Оларды арандатады, масқаралайды. Оларға да көмек көрсететін кез келді. Прокурор шығып заңды түсіндірсе, оны да масқаралайды,- деді ол.

Мәжілістегі жиынға Ұлттық кеңес тарапынан қатысқан белсенді Мұхтар Тайжан полицияның адамдарды митинг басталмай жатып үйінен алып кететін жағдайды ескертті.

Бұған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев "адамдарды үйінен жайдан-жай алып кетпейтіндерін, заң аясында жұмыс істегендерін" айтты.

Министр Дәурен Абаев алда жаңа заң жобасы мәжілістегі жұмыс тобында талқыланатынын, сол кезде айтылған пікірлер ескерілуі мүмкін екенін жеткізді. Тайжан жұмыс тобына қоғам өкілдерін қосуды да сұрады.

Құқық қорғаушы Бахытжан Төреғожина Абаевтың мәжіліске апарған заңын "адам құқығына қарсы жоба" деп санайды.

- Мен бұл жобамен келіспеймін. Бұл – адамның бейбіт жиынға қатысуы мен сөз бостандығына тұсау салатын заң. Оны талқылап отырғандар митингіге шығып көрмегендер. Олар қалай ұсыныс немесе сын айта алады? - дейді Бахытжан Төреғожина.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр маусым айындағы сайлаудан кейін бейбіт митинг туралы заң өзгертіп, митинг өткізу үшін ескертуді ғана талап ететін құжат қабылдауға уәде берген. Ақпан айында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт митинг туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатпен танысып шыққан құқық қорғаушылар мен белсенділер жаңа заң жобасы халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтып, сынаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Бейбіт митинг туралы жаңа заң жобасын құқық қорғаушылар сынады

Қазақстандағы бұрынғы заңнамаға сай, халық митингіге шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс және шараны белгіленген орында ғана өткізуі керек. Әкімдіктер түрлі себеп тауып, митинг өткізуге рұқсат бере бермейді. Ал рұқсат етілмеген митингіге шыққандар ұсталып, жазаланады. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінен бірнеше рет бейбіт митинг туралы заңды өзгертіп, халықтың ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуге шақырған.