Сарыағашта мұғалімді "жала жапты" деген директор арызын қайтарып алды

Мұғалім Бақытжан Бейсенбаев сотта жауап беріп тұр. Сарыағаш, 29 қаңтар 2020 жыл.

18 наурызда Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің директоры Халида Қабылова бұрынғы математика пәнінің мұғалімі Бақытжан Бейсенбаевтың үстінен түсірген шағымын қайтарып алды.

Сарыағаш аудандық соттың судьясы Берік Каиповтың Азаттыққа айтуынша, «ақша жинайды» деп айтқаны үшін «жала жапқан» мұғалімді сотқа берген директор арызды азаматтық тәртіппен береміз деп қайтарып алған.

- Мектеп директорымен бірге Диханбаба ауылының тұрғыны Райхан Смайылова да арызын қайтарып алды. Тұрғынның арызы кәмелет жасқа толмаған оқушымен байланысты болған соң жариялануға жатпайды, - дейді судья.

Айыпталушы Бақытжан Бейсенбаев жәбірленуші тараптың шешімімен келіскен.

Бақытжан Бейсенбаев 2019 жылдың соңында мектеп директоры жөн-жосықсыз ақша жинайтынын мәлімдеген. Мұғалім тағылған айыпты мойындамайтынын, құқығы өрескел бұзылғанын айтып, сотқа арыз түсірген еді.

Жәбірленуші Халида Қабылова Азаттыққа іс туралы қандай да бір комментарий беруден бас тартқан.

Бақытжан Бейсенбаев Сарыағаш ауданы Диханбаба ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте 17 жыл физика, математика пәнінен сабақ берген. 2019 жылдың қараша айында «директордың ақша жинауы» туралы мәлімдемесінен соң жұмыстан босатылған.