Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз құқығын қорғау бойынша өкілдігі Әзербайжанның таяуда "коронавирус жайлы жалған ақпаратпен күрес" мақсатында қабылдаған заңына байланысты алаңдаушылық білдірді.
ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир 25 наурызда "төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратпен күресу маңызды екенін түсінемін, бірақ күрес тілшілер жұмысына кедергі болмауы керек" деп мәлімдеді.
"Бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі жағдайда қоғамды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, жалған ақпаратпен күресте маңызды рөл атқарады. Заң жобасындағы өзгерістер пандемия туралы хабар таратуға тосқауыл болмауы тиіс" деді Дезир.
Арнайы заңға 17 наурызда өзгеріс енгізілген. Онда "кез келген ақпараттық интернет-ресурс иесі интернетте жалған ақпараттың тарауына жол бермеуі керек" деп жазылған. Әзербайжан билігінің түсіндіруінше, "адам өміріне, денсаулығы мен дүние-мүлкіне қауіп төндіретін, маңызды нысандардың, қаржы, көлік, коммуникация, өндіріс пен әлеуметтік инфрақұрылымдар жұмысына кедергі келтіретін" хабар жалған ақпаратқа жатады.
Дезир бұл заң коронавирусқа қатысы жоқ, билік "қоғамға қауіпті" деп санайтын маңызды ақпараттың таралуын шектеуі мүмкін деп қауіптенеді.
Құқық қорғаушылар Әзербайжанда оппозициялық белсенділер мен БАҚ өкілдерінің жиі қудаланатынан айтады. Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі жөніндегі былтырғы рейтингінде Әзербайжан 180 елдің ішінде 166-орында тұр.
26 наурыздағы ақпарат бойынша, Әзербайжанда 93 адам коронавирус жұқтырып, 2 науқас қайтыс болған. 10 адам аурудан айыққан.
Оқи отырыңыз: Әзербайжан астанасы коронавирусқа байланысты жабылды