Қостанайдағы 161/2 колония әкімшілігі павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенованың үстінен сотқа шағым түсірді. Бұл туралы Азаттыққа құқық қорғаушы Семенова хабарлады.
- Осыдан бірнеше күн бұрын сотқа түскен шағымның көшірмесін алдым. Менің үстімнен 161/2 колониясының бастығы мен сол колонияның медициналық қызметкері арызданған. Әлеуметтік желідегі жазбаларымның «іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін» айтқан, шағымданушылар соттан жазбаларымды терістеуді талап етеді, - деді Семенова.
Шағымда Елена Семенованың былтыр 26 қазанда Facebook желісіндегі парақшасында "жалған ақпарат таратқаны" туралы жазылған.
«Семенова [жазбада] 161/2 түзету мекемесі қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне наразылық білдірген 30 тұтқыннан ұжымдық арыз-шағым түскенін баяндайды. Алайда 12 қазанда Қостанай облыстық қылмыстық атқару жүйесі депаратаментінің ішкі қауіпсіздік тобының жүргізген тексеруі нәтижесінде бұл фактілер расталмады» делінген шағымда.
Құқық қоғаушы жазбада көрсетілген фактілерді растайтын қажетті құжаттар барын айтады.
- Тұтқындар түзету мекемесінің қызметкерлеріне тегін арнайы форма тігуге мәжбүрлейтіні туралы айтқан, оның видеосы да бар. Әрине, колония басшылығы жабық мекеме ішінде «тексеру жүргізіп» оның расталмағанын айтады. Ал жазба жарияланғаннан кейін сотталушылардың туыстары маған колония ішінде тәртіп күшейіп, жағдайы «қиындағанын» айтты, - дейді құқық қорғаушы.
Бұдан бөлек, колония бастығының емдеу-профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары сотқа түсірген шағымында Семенованың «колонияда тұтқындар тамақтан уланып, оны медициналық қызметкерлер емдемей жатыр» деген жазбасын «шындыққа жанаспайды» деп жазған.
Азаттық шағым берушілерге хабарласқанымен олардан жауап ала алмады. Шағым Павлодар қалалық сотына 17 наурызда түскен. Алғашқы сот отырысының мерзімі әлі белгіленбеген.
Оқи отырыңыз: "Азаптау" видеосынан соң түрме басшысы қызметтен кетті