Токио олимпиадасының өтетін уақыты белгілі болды

Токио олимпиадасының эмблемасы жанында тұрған маскадағы адам. Токио, 23 наурыз 2020 жыл.

Токио олимпиадасы 2021 жылы 23 шілде - 8 тамыз арасында өтеді. Шешім 30 наурызда Халықаралық олимпиада комитетінің жиынында қабылданды.

Олимпиада ойындары 2021 жылы өтсе де Токио-2020 деп атала бермек. Паралимпиада ойындары 24 тамыз - 5 қыркүйекте болады.

Биылға жоспарланған Токио олимпиадасы коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылға шегерілген.

Бұған дейін Канада, Австралия, Ұлыбритания ХОК-тан олимпиаданы кейінге шегеруді талап еткен. Олар Токио ойындары 24 шілдеде басталса спортшыларын жібермейтінін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Коронавирус спорт әлеміне қалай әсер етті?

Токио олимпиадасы 24 шілде - 9 тамыз арасына жоспарланған. Олимпиада ойындары бұған дейін тек соғыс кезінде өтпей қалған.

Әлемде Covid-19 коронавирусы 723 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар 34 мыңнан асты. Вирус 190-нан астам елге тарады. 151 мыңнан астам адам дертінен айықты.