1 сәуірде таңертең Қарағандыда 62 жастағы тұрғын коронавирустан көз жұмды. Ол 30 наурызда жағдайы ауыр күйде Қарағандыдағы ауруханалардың біріне жатқызылған.
"Ауруханаға жатқызар алдында науқаста екі жақ пневмония, тыныс алу жетіспеушілігі бары анықталды, жағдайы ауыр деп бағаланды. Реанимациялық боксқа жатқызылды. Интенсивті терапияға қарамастан науқастың жағдайы барған сайын нашарлай берді. Бүгін (1 сәуір) таңғы сағат 7-де жүрегі тоқтады, реанимациялық шаралар әсер етпеді. Бұрын науқас медициналық көмекке жүгінбеген" деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев.
Марқұмның жақындары оқшауланған. 36 адам марқұммен тығыз қарым-қатынас жасаған. Одан бөлек 20 адам байланыста болған. Биліктің айтуынша, олардың барлығы ешқайда бармаған, Қарағандыда болған.
- Қазір бұрынғы жұмыс орны - Теміртау қаласында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деді Қарағанды облыстық тауар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Қанат Асқаров.
Қарағанды облысында коронавирус инфекциясының төрт ошағы анықталған. Қазір Қарағандыда коронавирус инфекциясы жұққан 13 адам (10 адам - Минск-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Қарағандыға қонған ұшақ жолаушылары және үш адам - олармен байланыста болғандар) емделіп жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа тұрақты дейді. 1 сәуір күнгі дерек бойынша, Қарағанды облысында 598 адам стационарда карантинде жатыр. 1076 адам - үй карантинінде.
Қазақстанда барлығы үш адам коронавирустан қайтыс болған. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам көз жұмды. Дәрігерлер науқаста қант диабеті, қан қысымы, жүрек қантамыр аурулары болғанын айтты. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 64 жастағы әйел қайтыс болған.
Оқи отырыңыз: "Жаназаны он метр жерде тұрып оқыдық". Вирустан көз жұмған марқұмның келіні мен имамның айтқаны