1 сәуірде жергілікті уақыт бойынша күндізгі сағат 16:00 шамасында Қызылордада облыстық әкімдік алдында өлең оқыған әйелді полиция ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттықтың Қызылордадағы тілшісі хабарлады.
Ақжан Ноғаева есімді әйел полиция ұстамай тұрып әкімдік алдында әуелі төтенше жағдай кезінде балаларын қашықтан оқыту мәселесіне алаңдайтынын жеткізген. Бұдан соң бұрынғы президент "Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған" өлеңін оқыды. Өлеңде әйел Назарбаевтың 30 жылғы билігін сынап, халықтың жағдайы нашар күйде қалғанын айтты.
Сәлден соң полиция қызметкерлері келіп әйелді "карантин шарттарын бұзды" деп айыптап, ұстап әкетті. Олар аты-жөндерін айтқан жоқ. Ақжан Ноғаеваны полицияның нақты қай бөліміне әкеткені белгісіз.
Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурыз айында президенттіктен кеткен, бірақ ол "Нұр Отан" партиясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікте қалған еді. Ол жақында коронавирус қаупі туралы айтып, халықты қаржы жинап, мемлекетке көмектесуге шақырған. Оның ұсынысын кейбір сарапшылар сынады.
Оқи отырыңыз: Назарбаев тағы да Қазақстан халқынан ақша сұрады
Соңғы дерек бойынша, Қызылорда облысында 25 адамнан коронавирус табылған. Облыста шектеу шаралары күшейтілген.