Қарағандыда екі тұрғын “аса ірі көлемде психотропты синтетикалық есірткі өндіру” ісі бойынша ұзақ жылға түрмеге қамалды. Бұл – “синтетикалық есірткі” бойынша қозғалып, сотта үкім шыққан биылғы алғашқы іс.
“Синтетикалық есірткіні өндіруге жәрдемдесті” деп айыпталған 22 жастағы Анастасия Т. сот үкімімен 10 жылға түрмеге қамалды. Сот оның екі кіші баласын жақындарының қарауына берді. Ал осы істегі негізгі айыпталушы 27 жастағы Александр В. 11 жылға сотталды. Ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейді. Сот үкімі 3 сәуір кешке шықты. Бұған дейін прокурор Бекзат Әшірбеков айыпталушыларды ұзақ жылға соттауды, Александр В. есімді айыпталушыны мәжбүрлі түрде есірткіге тәуелділіктен емдеуге жіберуді сұраған. Сот айыпталушыны мәжбүрлі түрде емдеуге жіберуден бас тартты.
Бұған дейін айыпталушылар айыптарын толық мойындаған. Анастасия Т. соттан екі баласы барын ескеріп, жазасын кейін өтеуге мүмкіндік беруді сұраған. Ал екінші сотталушы “енді қылмыс жасамайтынын” айтып, соттан жеңіл жаза өтінген.
Тергеуді ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізді. Тергеудің дерегінше, Александр В. Telegram мессенджеріндегі интернет дүкендер арқылы психотропты заттар алып, кейін одан синтетикалық есірткі жасаған. Ол Анастасия Т. екеуі синтетикалық есірткілерді жалдамалы пәтерлерінде және таныстарының үйінде сақтаған. Тергеудің мәлімдеуінше, Александр В. синтетикалық есірткіні өзі ашқан Telegram канал арқылы саудалаған. Бұл интернет дүкен әлі ашық.
Дерекке сай, тергеу өтірік сатып алушылар арқылы синтетикалық есірткі сатушылардың әрекетін ашқан. Бұл куәгерлер қорғалған. Сот сұрақ-жауап кезінде және видео-аудио тыңдау сәтінде залда тек процеске қатысушыларды қалдырып, қалған адамдар шығарып жіберді.
Қарағанды облысы полиция департаментінің дерегінше, аймақта 2020 жылдың басынан бері синтетикалық есірткі өндіру бойынша 15 қылмыстық іс қозғалып, 350 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген.
Қазақстан билігі “синтетикалық есірткі” саудасын тоқтата алмай келеді. Елде осындай есірткі сататын ондаған интернет дүкен бар.