Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған бір адамның жағдайы ауыр. 12 науқастың жағдайы бірқалыпты. Бұл туралы Шымкент қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Әбдіманап Түгелбаев айтты.
Бұл қалада барлығы 14 адамнан вирус табылған. 5 сәуірде бір адам қайтыс болды. Ол 28 наурыз күні 31 жастағы ұлымен бірге Мәскеу-Шымкент-Алматы бағыты бойынша жүк көлігімен келе жатқанда қала шетіндегі блокбекеттен өтпек болған. Тексеру кезінде дене қызуы көтерілгенін анықтаған дәрігерлер жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізген. Марқұм бұдан бұрын қант диабеті, пневмония және туберкулезбен ауырған. Коронавирус оның жағдайын қиындатып жіберген.
Ал Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, аймақта коронавирус жұқтырған үш науқастың жағдайы ауыр, біреуінің жағдайы орташа ауыр. Олар жансақтау бөлімінде жатыр. Басқарма төрт науқас та бұрын коронавирустан көз жұмған қарағандылықпен байланыста болғанын айтады.
5 сәуірдегі дерекке сай, Қарағанды облысында 31 адамнан вирус табылды. Оның біреуі қайтыс болды.
Қазақстанда қазір 569 адамнан коронавирус табылды. 36 адам дерттен айықты. Алты адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сәуірдің алғашқы он күнінде елде вирус тарау шегіне жетіп, кейін азая бастайды деп болжайды. Министрдің есебінше, елде 3500 адамға вирус жұғуы мүмкін.
Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. Елдің басым бөлігінде карантин.