Өткен жылы жемқорлық туралы ірі зерттеу мақалалар топтамасын жариялаған Азаттықтың Қырғыз қызметі, қырғызстандық Kloop.kg сайты және Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) зерттеу журналистикасы саласында берілетін 2019 жылдың Том Реннер атындағы сыйлығына ие болды. Сыйлықты "Зерттеуші журналистер мен редакторлар" (IRE – The Investigative Reporters and Editors) ұйымы тапсырды.
Бұл жолы конкурсқа 450-ден астам өтініш келіп түскен. 1979 жылдан бері тапсырылып келе жатқан байқауға түрлі медиаплатформалар қатыса алады.
IRE басқарма мүшесі және Ire Awards комитетінің төрайымы Дженнифер Лафлер биыл көптеген зерттеу авторларының инновациялық әдістер қолданғанын атап өтті.
"Биыл нағыз зерттеу үлгілерін көрдік, бұл жобалар мекемелер мен шенеуніктерді жауапқа тартуға мәжбүрледі" деді ол.
Былтыр қараша және желтоқсан айларында Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы зерттеу мақалаларының топтамасын жариялаған болатын. Мақалада сонымен бірге бюджетке орасан зиян тигізген кеден қызметіндегі айла-шарғылар әшкереленген. Зерттеу жарияланғаннан кейін Қырғызстанда жүздеген адам бейбіт митингіге шығып, жемқорлықпен күресуді, сөз бостандығын талап еткен.
Оқи отырыңыз: Жасырын курьерлер Қырғызстаннан қап-қап миллиондарды қалай шығарған?