Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі сотқа "Экстремистік ұйымның ісіне араласты” деп бір жылға бас бостандығы шектелген белсенді Дианара Мұқатованың жазасын «бас бостандығынан айыруға» ауыстыру туралы ұсыныс түсірді.
2019 жылы 21 қазанда №2 Атырау қалалық соты Мұқатованы елде қызметіне тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының ісіне араласты деп айыптап, Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-тармағымен ("Экстремистік ұйымның ісіне араласу”) бір жылға бас бостандығын шектеген. Қазақстан соты экстремистік деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы қарарында “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.
Оқи отырыңыз: "ҚДТ-ны Facebook-та қолдаған" студент істі болды
Мұқатованың адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның Азаттыққа айтуынша, пробация қызметінің ұсынысын 10 cәуірде №2 Атырау қалалық сотында судья Зәуре Қазақбай қарайтын болады.
Пробация қызметі не үшін Мұқатованың “бас бостандығын шектеу” жазасын “бас бостандығын айыру” жазасына ауыстыруды сұрағаны белгісіз. Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің бастығы Нұрлан Қабдолов бұл ұсыныс туралы түсініктеме беруден бас тартты.
Бұған дейін, Атырау облыстық мамандандырылған әкімшілік соты Дианара Мұқатованы Әкiмшiлiк кодекстің 434-бабының 1-тармағымен «қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсті» деп айыптап, 6-12 наурызда түрмеге қамаған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. 7 cәуірде Атырау облыстық соты бұл шағымды қанағаттандырмады.
Дианара Мұқатованың сөзінше, ол 1 наурызда Атырау қаласындағы «Байзар» сауда орталығына бара жатқанда оны бірнеше полиция қызметкері ұстап алып кетіп, үш сағаттан артық ұстап жіберген. Кейін ол бұл туралы Атырау қалалық полиция басқармасына шағым түсіріп, полицейлер өзіне арандату жасағанын баяндаған. 5 наурызда облыстық прокуратураға да арызын тапсыруға бара жатқанда тағы да полиция қызметкерлері ұстап алып кетіп, оған өздерін балағаттағаны туралы әкімшілік хаттама толтырғанын айтқан. Ол бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде де бірнеше мәрте жазған.
Адвокат Жанар Сүндетқалиев сейсенбі күнгі апелляциялық сотта да, алғашқы сот инстанциясында бұл хаттаманың заңсыздығы туралы дәйектерінің ескерусіз қалғанын айтады.
- Әкімшілік кодекстің 806-бабына сай, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ондай іс анықталған сәтте бірден жасалады. Осы кодекстің808-бабына сай, ол хаттаматұлғаның жеке басы анық болған жағдайда бірден сотқа жіберіледі. Бірақ мұның бірде-бірі сақталған жоқ. Полиция өкілдері Мұқатоваға «1 наурызда бізді балағаттады» деп 5 наурызда хаттама толтырып отыр, - дейді адвокат.
Елдегі түрлі оппозициялық топтар жұртты 1 наурыз күні митингіге шығуға шақырған еді. Олар 25 ақпанда жұмбақ күйде Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілерді жазалау, саяси тұтқындарды босату, билік отставкасы және өзге де талап қоймақшы болған. Бірақ митингілер қарсаңында Қазақстанның әр аймағында белсенділер ұсталы, 1 наурызда таңертең митинг өтеді делінген облыстық және қалалық әкімдіктердің айналасы қоршалған.