Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 10 сәуірде таңертең тағы 21 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Батыс Қазақстан облысында - 2, Маңғыстау облысында - 2, Қызылорда облысында - 4, Атырау облысында - 3, Шымкент қаласында - 4, Ақмола облысында - 1, Қарағанды облысында - 4, Нұр-Сұлтан қаласында - 1 адамға вирус жұққаны анықталған.
Қызылорда облысында төрт науқастың үшеуі Шиелі ауданы Бала би, Қодаманов ауылдарында тұрады. Біреуі - Жаңақорған ауданынының тұрғыны. 1989 жылғы ер адам, 2010 жылғы бір ұл бала, 1996 және 1967 жылғы әйел адам коронавирус жұққан науқастармен байланыста болған. Қазір олармен байланыста болған адамдар анықталып жатыр. Қызылордада науқастар 104 адамға жетті. Қызылорда қаласында – 12, Жаңақорған ауданында – 17, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 55, Сырдария ауданында – 14, Арал ауданында – 2 адамнан вирус табылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, науқастардың жағдайы - бірқалыпты.
Қарай отырыңыз: Қазақстан аймақтарында вирустың тарау динамикасы (Гистограмма)
Қазақстанда барлығы 802 адамнан вирус табылған. Қызылорда облысы - вирус жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан (226) және Алматыдан (122) кейін үшінші орында тұр. 9 сәуірде Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі облыста жағдай күрделі болып бара жатқанын айтып, тұрғындарды карантин ережелерін сақтауға шақырған. Сәуір айының басында облыста шектеу шаралары енгізілген.