Қызылордада босанған науқас әйелдің нәрестесіне "вирус жұқпаған"

Аурухана сырты. Көрнекі сурет.

Қызылорда облысында 9 сәуірде босанған науқас әйелдің баласына вирус жұқпаған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Жақсылық Әбдісәметов хабарлады.

"Коронавирус инфекциясын жұқтырған әйел 9 сәуір күні босанды. Жаңа туған нәрестеде COVID-19 вирусы жоқ екені анықталды" деді Жақсылық Әбдісәметов.

Дәрігерлердің айтуынша, бейсенбі күні дүниеге келген сәбидің салмағы - 2970 грамм, бойы - 51 см. Жағдайы бірқалыпты. Әйелді босандырған дәрігерлер екі апта үй карантиніне жіберілген.

Қазір Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар 104-ке жетті. Бұл аймақ вирус жұқтырғандар саны бойынша Нұр-Сұлтан (226) мен Алматыдан (122) кейін тұр.

Қазір Қазақстанда 802 адам вирус жұқтырды. 61 адам дерттен айықты. 9 адам қайтыс болды.