10 сәуірде Атырау қалалық №2 соты облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің белсенді Дианара Мұқатованың бас бостандығын шектеу жазасының қалған бөлігін бас бостандығына айыруға ауыстыру ұсынысын қанағаттандырмады.
Оның адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның айтуынша, карантинге байланысты онлайн өткен сот процесіне қатысқан пробация қызметінің өкілі Айбар Базарбаев Дианара Мұқатова шектеуге қарамастан 1 наурызда интернет арқылы митинг жайлы видеолар таратқанын айтқан. Оған қоса Базарбаев 13 наурызда облыстық құқықтық істер базасынан оның әкімшілік құқық бұзғанын білгенін айтып, оған айыбының қалған бөлігін бас бостандығынан айыру арқылы өтеуге қаулы етуді сұраған. Оны іске қатысқан прокурор да құптаған.
- Істі қараған судья Зәуре Қазақбай пробация өкілі мен прокурордың өтінішін қанағаттандырмады. Судья кеңесу бөлмесінде көбірек айналып, бізді уайымдатқанымен "бұл уәждер Мұқатованың бас бостандығынан айыруға негіз болмайды" деп тапты. Ол Дианара Мұқатоваға мүмкіндік беруі керегін, оның мекенжайын ауыстырмағанын, пробацияға тұрақты келіп белгіленгенін, жұмысынан жақсы мінездемесі бар екенін айтты, - деді Жанар Сүндетқалиева Азаттыққа.
Атырау қаласы №2 cоты былтыр 21 қазанда белсенді Дианара Мұқатованы Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-тармағы ("Экстремистік ұйымның ісіне араласу") бойынша бір жылға бас бостандығы шектеген еді.
37 жастағы Дианара Мұқатова Қазақстанда сотпен экстремистік деп танылып, жұмысына тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады деп 2018 жылдан бері қудаланып келеді. Ол қысымның салдарынан Атыраудағы APEC PetroTechnic жоғарғы колледжіндегі оқуын да тастауға мәжбүр болған.
Оқи отырыңыз: "ҚДТ-ны Facebook-та қолдаған" студент істі болды
Дианара Мұқатоваға тағылған айыппен елдің әр өңірінде ондаған белсенді жазаланған. Заңгерлер ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсында қайшылық бар және "қозғалыстың жауапқа тартылған жақтастары негізсіз қудаланды" деп есептейді.
Қазақстан соты экстремистік деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы қарарында “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған. Бұл қозғалысты шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған.