Ресейде түрмедегі бүліктен 300-ден астам тұтқынның жарақаттанғаны хабарланды

Иркутск облысындағы түрмедегі бүлік туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот.

Ресейдің Иркутск аймағында түрмеде болған бүліктен 300-ден астам тұтқын жарақаттанған, бүлікке түрме сақшысының тұтқынды ұрып-соғуы түрткі болды деген ақпарат шықты.

Адам құқығын қорғау бойынша үкіметтік емес ұйым белсенділерінің хабарлауынша, 9 сәуір кешке қарай бүлікті басу үшін Ангарск қаласындағы N15 колонияға арнайы жасақ өкілдері әкелінген.

Федералдық қылмыстық жазаны атқару қызметінің ресми өкілінің айтуынша, Иркутск облысындағы тұтқындардың бірі сақшыға шабуыл жасағаннан кейін бүлік басталған. Ресми өкіл 11 сәуір күні таңертең жағдайдың бақылауда екенін айтты.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда түрме ғимаратының жанып жатқаны көрінеді, видеода тұтқындар өздерін "өлтіріп жатқанын" айтады. Құқық қорғаушылардың түрмеге кіруіне тыйым салынған.

Иркутск облысының тергеу комитеті қылмыстық іс қозғаған. Түрмеде шамамен 1300 тұтқын бар.