Нұр-Сұлтан және Шымкент қаласында коронавирустан бір-бір адам қайтыс болды. Бұл ақпаратты биліктің Қазақстандағы коронавирус жайлы мәліметтерін тарататын coronavirus2020.kz жариялады.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 1950 жылы, Шымкент қаласының тұрғыны 1962 жылы туған. Нұр-сұлтан тұрғыны 11 сәуірде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, реанимацияға жатқызылған. Созылмалы дерті болған, 13 сәуірде түнде қайтыс болған.
Шымкент қаласында қайтыс болған адам да 11 сәуірде ауруханаға түскен. Жүк көлігінің жүргізушісі "Қарағанды-Новосибирск" бағыты бойынша жол жүріп бара жатқанда ыстығы көтерілген. Бұрын созылмалы дерті бойынша диспансерлік есепте тұрған.
Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар 14 адам болды.
Денсаулық сақтау министрлігі 13 сәуір 23.40-та Қазақстанда 112 адамнан коронавирус табылғанын, оның 99-ы Алматы қаласынан шыққанын хабарлаған.
Соңғы мәлімет бойынша, вирус жұқтырғандар Қазақстанда 1091 адамға жетіп, 138-і сауығып шықты.