Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 15 сәуірде таңертең коронавирустан қайтыс болған 1945 жылғы ер адам үш күн бұрын ауруханаға пневмония диагнозымен түскен. Онымен бірге 1955 жылғы әйел де ауруханаға жатқызылған. Әйелдің де дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пен тыныс тарылуы байқалған. Екеуі де Жітіқара қаласында тұрады. Науқастар 5 сәуірден бастап ауру белгілері байқалғанын айтқан. Дәрігерлер оларға вирустың қайдан жұққанын әзірге анықтай алмаған. Екеуі де бұған дейін қала аумағынан шықпаған.
Дәрігерлердің айтуынша, ер адамнан коронавирус табылғаннан кейін ауруы полисеманттық пневмонияға ауысқан.
"14 сәуірде науқастың жағдайы күрт нашарлады. Онымен реаниматологтар тобы жұмыс істеді, барлық қажетті реанимациялық шаралар жүргізілді. 15 сәуірде таңертеңгі сағат 8.30-да жүрегі тоқтады" делінген басқарма хабарламасында.
Дәрігерлер қазір 1955 жылғы әйелдің жағдайын орташа ауыр деп бағалайды.
14 сәуірде Қазақстанда бір күнде екі адам коронавирустан көз жұмған. Эпидемия басталғалы бері Қазақстанда 15 адам вирустан қайтыс болған. 203 адам жазылған. Вирус жұқтырғандар 1267 адам болды.