Ақтөбеде "төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыпталған белсенді 10 күнге қамалды

Полиция "митинг орнында" белсенді Сағындық Бекеевті ұстап жатыр. Ақтөбе, 1 наурыз 2020 жыл.

Ақтөбеде "төтенше жағдай режимін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 476-бабы) деп айыпталған белсенді Сағындық Бекеев 10 тәулікке қамалды.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сағындық Бекеев 18 наурыз күні Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты маңында өткен жиынға қатысып, төтенше жағдай режимін бұзған.

"Сағындық Бекеевті 10 тәулікке қамауға алу туралы сот қаулысы 15 сәуір күні шықты. Бекеев өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ" делінген сот хабарламасында.

Құқық қорғаушы Дана Жанайдың сөзіне қарағанда, белсендінің қамалуына түрткі болған оқиға 18 наурызда болған. Ол күні Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты "1 наурыз күні билікке қарсы митингіге қатысты" деп айыпталған алты белсендіге ескерту берген. Белсенді Сағындық Бекеев "полицияның заңды талабына бағынбады" деп айыпталып, бес күнге қамалған.

Сот шешімімен келіспеген белсенділер сот ғимаратының ауласына шығып, "наразылық білдірген". Полиция ауладағы "наразылық үшін" белсендінің үстінен хаттама толтырған.

Құқық қорғаушы Дана Жанай билік Сағындық Бекеевті жергілікті белсенділерді қорқыту үшін қамады деп санайды.

Бұған дейін Қазақстанның өзге өңірлерінде де "карантин режимін бұзды" деп айыпталған бірқатар белсенділер қамалған, кейбіріне айыппұл салынған.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күрес адам құқықтары ахуалына кері әсерін тигізуі мүмкін

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланған. Ақтөбе қаласында 6 сәуірден бастап карантин енгізілген. Соңғы мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында 14 адамнан коронавирус табылған.