Түркіменстанда "гомосексуал" деп күдікке ілінген шоумен қамауға алынды

Түркіменстан астанасы Ашғабат қаласы.

Түркіменстанда "гомосексуал" деп күдікке ілінген танымал шоумен қамауға алынды. Turkmenistan.news сайты Ашғабаттағы бірнеше ақпарат көзіне сүйене отырып, шоуменнің наурыз айының соңында ондаған адаммен бірге қамалғанын хабарлады. Олардың арасында әртістің серігі де болған. Бірнеше адам "ақша беріп" босап шыққан.

Ашғабаттағы құпия дереккөзі Азаттықтың Түркімен қызметіне шоуменнің қамалғанын растады. Бірақ билік өкілдері ресми түсініктеме бермеді.

Оқи отырыңыз: Гей жігіт Түркіменстанда ЛГБТ жайының адам төзгісіз екенін айтады

Түркіменстан азаматтарын гомосексуализм үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын елдер қатарында қалып отыр. Әлемде мұндай 60 мемлекет бар, бірақ күн санап олардың қатары кеміп келеді. Постсоветтік елдердің ішінде Түркіменстаннан басқа Өзбекстанда ғана гомосексуализм бойынша айыптау бабы бар. Қалған мемлекеттер Қылмыстық кодекстен мұндай баптарды алып тастаған.