Канаданың Жаңа Шотландия провинциясындағы атыстан кем дегенде 16 адам өлген. Арасында полиция қызметкері де бар. 23 жылдан бері полицияда қызмет еткен Хайди Стивенсонсың артында үш баласы қалған.
Оқ атып, өзі де өлген адам полиция формасын киіп, полиция көлігіне ұқсас автокөлікпен жүрген.
Полиция оқ атқан адам - 51 жастағы Гэбриел Уортман деп санайды. Ол бірнеше елдімекенді аралап жүріп, бейбіт адамдарға шабуыл жасаған. Канада полициясының басшысы Бренда Луки Си-би-си телеарнасына берген сұқбатында "бұл әрекет әзірге теракт ретінде қаралмағанын, күдіктінің оқ атуына не себеп болғаны тексеріліп жатқанын" хабарлады. Оның сөзінше, күдікті бастапқыда нақты себеппен оқ атуы, кейіннен бей-берекет әрекетке көшуі мүмкін.
Алғашқы шабуыл сенбі күні шағын Портапик қаласында болған. Бір үйдің іші мен сыртынан бірнеше адамның денесі табылған. Қалада бірнеше үй өртенген. Оқиға Энфилд қаласына таяу маңда аяқталған.
Полиция бейбіт адамдарға оқ атқан қылмыскерді 12 сағат бойы тоқтатуға тырысқан.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо бұл оқиғаны "жантүршігерлік жағдай" деп атады. Жаңа Шотландия үкіметінің басшысы Стивен Макнил "провинция тарихындағы ең ессіз зорлық-зомбылық актісі" деп мәлімдеді.
Канаданың Квебек қаласында 1989 жылы осыған ұқсас оқиға болған. Ол кезде қылмыскер Монреаль университетіне кіріп, 14 әйелді атып тастаған.