Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, интернетке видео жариялаған қарағандылық Арман Хасенов екі айға қамалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағандыдағы департаменті 30 жастағы Хасеновті видео тараған соң ертеңінде ұстап, изоляторға қамаған еді. Тұрғынның үстінен "бірінші президенттің абыройы мен беделін қорлады" деп қылмыстық іс қозғалып, айтқан сөзіне лингвистикалық сараптама тағайындалған деген хабар бар.
Қарағанды облысы соты Азаттыққа "Қарағанды қаласы тергеу соты істі тергеп жатқан ҰҚК Қарағандыдағы департаменті тергеушілерінің Хасеновті екі айға қамау туралы ұсынысын қолдағанын" хабарлады.
Азаттық редакциясы өткен аптада Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми хат жолдап, Хасеновке тағылған айып жайында сұраған. Хатқа әлі жауап келген жоқ.
Хасеновке адвокат берілген-берілмегенін анықтау мүмкін болмады. Қамалған тұрғынның жағдайын білмек болған құқық қорғаушылар да ақпарат ала алмай отыр.
Қарағандылық Арман Хасенов видеосында конституциялық төңкеріске не митингіге шақырмайтынын, бірақ ештеңеден қорықпайтынын, айтқан сөзі үшін жауап беруге дайын екенін жеткізген.
13 сәуірде ҰҚК баспасөз қызметі Хасеновтің "интернетке біржақты видео жариялағаны үшін" ұсталғанын хабарлаған. Бірақ тұрғынға нақты қандай айып тағылғанын айтпаған.
Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан, бірақ биліктің бір тармағын әлі уысында ұстап отыр Нұрсұлтан Назарбаевқа "елбасы" және "ұлт көшбасшысы" титулы берілген. Бұл титулдың иесі ретінде оның және отбасының үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. Ал Қылмыстық кодекстің 373-бабына сай, Назарбаевтың ар-намысына тигендердің үстінен іс қозғалады. Елдегі және халықаралық құқық қорғаушылар Назарбаевтың титулын және Қылмыстық кодекстегі бапты "жеке басқа табыну" деп санайды.
Кейінгі аптада елде билікті ашық сынап, талап айтып жүрген бірнеше белсенді түрлі баппен айыпталып, қамалды не істе болды. Құқық қорғаушылар "билік төтенше жағдай режимін пайдаланып, өзін сынайтындарды жазалауды күшейтті деп санайтынын" білдірген.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыздан 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Елдегі қалалар мен аймақтар карантинге жабылған. Жұрттың албаты сыртқа шығуына тыйым салынған.