Шымкент төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл ақпаратты 21 сәуірде өткен үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жариялады.
Елжан Біртановтың сөзінше, 21 сәуірдегі тексерісте Шымкентте короновирус жұқтырған 23 адамның 16-сы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері болып шыққан.
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісовтың Азаттыққа айтуынша, департаментте 800-ден аса адам жұмыс істейді. Қазір олардың он алтысынан коронавирус анықталып, 40 адам карантинге жабылған. Кейбірінің отбасыларынан да вирус анықталып жатыр.
- Алғашында департамент заңгері мен өзіндік басқару басқармасының қызметкері ауруханаға түсті. Олармен байланыста болған барлық қызметкер оқшаулаyып, карантинге жабылды. Қазір ауру белгілері бар қызметкерлер ауруханаға жатқызылып жатыр, - дейді департамент басшысы.
Дербісовтың айтуынша, өзі де анализ тапсырған. Қазір жұмыс бөлмесінде оқшауланып отыр.
Қала әкімдігінің 21 сәуірдегі мәліметінше, коронавирус жұқтырғандар Шымкент қаласында 92 адамға жеткен. Үш адам қайтыс болған.
4 сәуірде Шымкент қаласы карантинге жабылып, 19 сәуірден бастап әкімдік рұқсат еткен жұмысшы топтан өзге тұрғындардың жаяу және көлікпен жүруіне тыйым салынған.