Украина президенті Владимир Зеленский Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиге Украина премьер-министрінің реформалар жөніндегі орынбасары болуды ұсынды. Бұл туралы Саакашвили 22 сәуірде Facebook парақшасында хабарлады.
Саакашвили бұл мәселені Украина премьер-министрі Денис Шмыгалмен талқылап қойғанын да айтты. Грузияның бұрынғы президенті бұл ұсынысты "үлкен абырой" деп атаған. Сайлау кезінде Владимир Зеленскийді қолдағанын еске түсіріп, оның командасын мақтаған.
Саакашвилиге ұсыныс туралы ақпаратты бірінші болып президенттік "Слуга народа" партиясындағы ақпарат көзіне сілтеме жасаған "Новое время" сайты хабарлаған. "Слуга народа" фракциясы жетекшісінің орынбасары Евгения Кравчук басылымға Саакашвилидің депутаттармен кездесіп, осы жұмада (24 сәуір) бағдарламасын таныстыратынын айтқан.
2015 жылы Саакашвили Украина азаматтығын алып, сол кездегі президент Петр Порошенконың жарлығымен Одесса облысының басшылығына тағайындалған болатын. Осыдан кейін Грузия «қос азаматтыққа жол берілмейді» деген уәжбен Саакашвилиді Грузия азаматтығынан айырды.
Порошенко пен Саакашвили қатынасы 2016 жылы жемқорлықпен күрес және реформа жасау туралы бастамалардан кейін бұзылып, қараша айында Саакашвили қызметінен босатылды. 2017 жылы шілде айында Саакашвили «Жаңа күштер рухы» (украин тілінде: Рух нових сил – ред.) деп аталатын оппозициялық партия құрған соң Порошенконың жарлығымен Украина азаматтығынан айырылған.
Былтыр мамыр айында Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский Саакашвилиге Украина азаматтығын қайтарып берген еді.
Саакашвилидің кандидатурасын Жоғарғы рада мақұлдауы тиіс. 24 сәуірде пленарлық отырыс кезінде осы мәселе талқыланады деп айтылады.