Коронавирус індеті тарағалы бері алғаш рет Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев (биліктен кетсе де осы кеңестің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр) 24 сәуірде елде экономиканы қалпына келтіретін бағдарламаны жүзеге асыру қажет деді.
"Бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру қажет. Бизнес пен халыққа қолдау жылдам жету үшін әрбір теңгені қадағалау керек. Қазірден бастап экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі кезеңнің даму бағдарламасын жүзеге асыру керек" деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол Ұлттық қор (қазба байлықтан түскен қаржы, қазір қорда 60 млрд доллар бар) ақшасын үнемдеп жұмсау қажеттігін және өте қажет жағдайда ғана қордық көмегіне жүгіну қажеттігін айтты.
Оқи отырыңыз: "Ұлттық қорға қол салуға тура келеді". Коронавирус, мұнай және Қазақстан
Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы отырыс кезінде дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын үкімет қадағалайды, әкімдер мен министрлер тікелей жауапты болады деді.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы видеоконференция форматында өтті. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат спикері Дариға Назарбаева, премьер-министр Асқар Мәмин және тағы бірнеше жоғары лауазымды шенеунік видеочатпен қосылды. Назарбаевтың өзі экранның бер жағында отырды. Жанында Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Есекешев және көмекшісі, Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Данияр Акишев отырды.
Үкімет жалпы дағдарыстан шығу үшін 4,4 триллион теңге (10 млдр доллар) бөлді. Бұл қаржының 1,8 триллион теңгесі Ұлттық қордан алынбақ. Сарапшылар шикізатқа тәуелді Қазақстан экономикасын алдағы уақытта көптеген қиындықтар күтіп тұрғанын айтады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус ушыққан тұста Назарбаев пен Қауіпсіздік кеңесі қайда кетті?
Қазақстанда коронавирус жұққан 2376 адам анықталған. 25 адам қайтыс болған. 602 адам жазылған.