Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзартты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл туралы мәлімдемесі Қазақстан президентінің ресми сайтында жарияланды.
Президент мәлімдемесінде төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын екенін, оны вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болатынын айтқан.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанның кейбір аймақтары коронавирус індетінің шарықтау шегінен өткенге ұқсайды, бірақ вирустың таралу қаупі әлі де сейілмеген.
- Мемлекеттік комиссияға еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек,- дейді Тоқаев.
Президент мәлімдемесінде "аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесі де қарастырылатыны, ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болатыны, жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра беретіні" сөз болған.
Тоқаевтың мәлімдемесіне қарағанда 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуе рейстері ашылуы мүмкін.
Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшкен. Сәуірдің 14-іне төтенше жағдай мерзімін 1 мамырдың таңғы 7-сіне дейін ұзартқан.
Соңғы ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2717 адам коронавирус жұқтырған, 682-сі аурудан айығып, 25 адам қайтыс болған.