Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 20 күннен бері алғаш рет жұрт алдына шықты. Соңғы уақытта көрінбегендіктен ол туралы түрлі болжамдар айтылған.
Корея орталық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 2 мамырда Ким Чен Ын Пхеньян маңындағы тыңайтқыш өндіретін зауыт ашылуына арналған салтанатты шараға қатысқан. Ақпарат құралында жарияланған суретте Ким Чен Ынның көмекшілерімен сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Суреттер Rodong Sinmun ресми басылымында жарияланды. Бірақ Reuters агенттігі суреттің растығына көз жеткізе алмаған.
Орталық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ким Чен Ын зауытқа өзге жоғары лауазымды шенеуніктермен бірге келген. Олардың арасында әпкесі Ким Ё Чжон да бар. Бақылаушылар "Ким Чен Ын елді басқару қабілетінен айрылған жағдайда" оның орнына әпкесі басуы мүмкін" деп болжайды.
Оқи отырыңыз: Қытай Ким Чен Ынға кеңес беру үшін Солтүстік Кореяға дәрігерлер жіберді
Солтүстік Корея коронавирус індетін тоқтату үшін шекарасын жауып, қатаң шаралар енгізген. "Солтүстік Кореяда коронавирус жоқ" деген ақпаратты соңғы рет 30 сәуірде жариялаған. Бірақ кейбір сарапшылар бұл ақпаратқа күмән келтіреді.