Түркістан облысы Мақтарал ауданында су басқан бірнеше елді мекенде 620 үй бүлінген, 3,5 мыңнан астам гектар егіс алқабы су астында қалған. Бұл туралы 3 мамырда Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазір Түркістан облысы Мақтарал ауданында төрт елді мекенді су басты: Жаңа тұрмыс (45 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй), Өргебас (194 үй). Барлығы 620 үй бүлінген" делінген әкімдік сайтында.
2 мамыр түннен бері шамамен 7 мың тұрғын эвакуацияланған, 22 эвакуациялық пункт әзірленген.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың айтуынша, шамамен 3601 егіс алқабы су астында қалған. Алдын ала мәлімет бойынша, шығын көлемі 404 млн теңгені құрайды. Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Жантақсай, Жаңажол, Еңбекші ауылдық округтері көбірек зардап шеккен.
Бұған дейін билік өкілдері диқандардың шығынын өтеуге көмектесетінін айтқан еді.
Ауыл шаруашылығы басқармасы мәліметінше, су астында қалған алқаптардың 85 пайызында - мақта, қалғанында жоңышқа мен жүгері егілген.
Билік қазір су басу қаупі төнген ауылдардан ірі қара малдарды әкелу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Әкімдік ақпараты бойынша, су алған елді мекендерде 5 мыңнан астам мал бар: 800-ге жуығы зардап шеккен, 250-ге жуығы өлген.
Қарай отырыңыз: Мақтаралда бірнеше ауылды су басты. Қазір ахуал қалай? (3 мамыр 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
1 мамырда Мақтарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы елді мекендерді су алған еді. Кейінірек Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекенге де су алу қаупі төніп, кейбір тұрғындар өз бетімен, кейбірі жергілікті әкімдік көмегімен ауылдардан көшірілген. 2 мамырға қараған түні ауданда төтенше жағдай жарияланды.