3 мамыр күні Түркістан облысы Мақтарал ауданы Өргебас ауылының ондаған тұрғыны су басқан ауыл сыртына жиналып, үйлері мен егіндіктерін көрсетіп, далада қалғандарына шағымданды. Президент Тоқаевтан жалғыз баспаналарын қалпына келтіріп беруді сұрады. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.
Жексенбі күні Өргебас ауылына барған Азаттық тілшісі екі жүзден аса үйді су басып қалғанын көрді. Қазір ауылдағы судың тереңдігі 1,5 метрге жетеді. Ондаған үй опырылып құлаған. Әр жерде құламай тұрған үйлердің ауласында иттер көрінеді. Ауыл сыртында ондаған адам үйлердің құлап жатқанын бақылап тұр. Ауылға кіретін негізгі жолды полиция күзетіп, ішке тек құжаты үйінде қалып қойған адамдарды кіргізіп жатыр.
- Мынау не сұмдық? Үш күннен бері неге су тоқтамайды? Елбасы, президент, облыс әкімі, аудан әкімі қайда? Жаны ашитын бір пенде таппай тұрмыз ғой. Не жазығы бар бұл жұрттың? 80 жасқа келдім. 11 бала тудым. Өсірдім, жеткіздім. Балаларымның бала-шағасы не күн көреді? Қанша үй қирап жатыр? Аш-жалаңаш қалып жатыр. Суды тоқтаттық деп неге өтірік ақпарат береді? - дейді зейнеткер Дәмеш Қалдыбаева.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, тұрғындар түнделетіп өз күштерімен қауіпсіз жерге көшіп кеткен. Кейбірі үй жиһаздарын шығарып үлгерген. Кейбірі құжаттарын да ала алмай қалған. «Үйіміз бен, бүлінген дүниемізді қалпына келтіріп берсін. Тоқаев суда қалған елдің жайын ескерсін. Жәрдем берсін» деді наразы топ.
Өргебас ауылында 1500-ге жуық адам өмір сүреді. Бір мектеп, медпункт, балабақша, мешіт бар. Ауыл тұрғындарының дені - шаруалар. Олар егін егіп, мал асырайды.
Оқиға орнына әкімдіктен ешкім келмеді. 3 мамырда күндіз Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі қолда бар мәлімет бойынша, су алған бірнеше елді мекенде шығын көлемі 404 млн теңгеден асады, бұл көрсеткіш көбеюі мүмкін деп айтқан. Ресми ақпарат бойынша, Мақтарал ауданында төрт ауыл: Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Фирдоуси және Өргебаста барлығы 620 үй бүлінген, 3 мың гектардан астам егістік алқабы су астында қалған, жүздеген мал шығыны бар. Су алған ауылдардың барлығы Өзбекстанмен шекаралас аймақта орналасқан.
1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдардың бәрін су басып қалған. Кешке су Қазақстан аумағына өте бастаған.