Қазақстанның бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова елде коронавирус тарауы тұрақталып келе жатқанын, кейінгі екі аптада инфекция тарауы 7 пайыздан төмен екенін айтты.
Есмағамбетованың сөзінше, наурызда дертке шалдыққандармен байланыста болғандардан және шетелден келгендерден вирус табылса, сәуірде 1862 адамнан ( 52%) вирус профилактикалы тест алу кезінде анықталған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 13 наурыз – 4 мамыр арасында 306 861 адамнан анализ алынған.
Бас санитарлық дәрігер елде карантин шарттары жағдайға байланысты біртіндеп жеңілдей бастайтынын айтты. Есмағамбетова жұртты көшеге шыққанда, спортпен шұғылданғанда маска тағып жүруге шақырды.
Қазір Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар төрт мыңға жуықтады. Мыңнан астам адам дерттен айықты. 27 адам қайтыс болды. Министрлік мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжайды. Елде коронавирус тарауына байланысты 11 мамырға дейін төтенше жағдай және карантин жарияланған.